$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жемқорлардан қайтарылған қаражат: арнайы қорға 188 млрд теңге түскен

Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков активтердің қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы айтып берді 

Жемқорлардан қайтарылған қаражат: арнайы қорға 188 млрд теңге түскен
Фото: Azattyq Rýhy

Бүгін қоғамды толғандырып отырған заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелерін талқылауға арналған «Ұстаным» пікірталас клубының бесінші отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның негізгі ұстанымдары мен негізгі принциптерін түсіндіріп өтті.

«Концептуалды түрде бұл заң Қазақстанда «Пайда болуы түсініксіз байлықты» азаматтық тәркілеу моделін енгізуге бағытталған. Заң бойынша құны субъектінің заңды табысының мөлшеріне сәйкес келмейтін мүлік «Пайда болуы түсініксіз актив» деп танылады. Активтерді иемдену көздерінің заңдылығына тиісті түрде күмән тудыратын қоғамдық маңызы бар тұлғалар заңның субъектісі болып танылады. Осындай тұлғалар комиссия шешімімен арнайы тізімге енгізіледі. Тізімге енгізілгеннен кейін тұлғалар біздің комитетке өзінің мүлкі туралы және ол мүліктің пайда болу заңдылығы туралы құжаттармен бірге декларация тапсыруға ұсынылады», - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, декларацияға зерделеу жүргізіледі. Егер субъект декларация тапсырмай не болмаса өзге де нысанда өзінің мүлкін, дүниесін толыққанды ашық жариялап көрсетпесе, онда комитет активтерді іздеу, анықтау, тексеру бойынша шараларды жүргізіп, құқықтық баға береді.

«Егер біздің жұмыстың нәтижесінде пайда болуы түсініксіз активтер анықталса, комитет азаматтық сотқа тиісті талап қойып, сол мүлікті мемлекет пайдасына өндіру жөнінде өтінішпен жүгінеді.  Бұл – әлемдегі жаңа тәжірибе. Сотта активтің заңдылығын дәлелдеудің негізгі ауыртпашылығы жауапкерге жүктеледі. Яғни, біз талап қоямыз, қисынды күмәнімізді айтамыз, ал жауапкерлер сотта көрсетілген мүліктің, активтің немесе ақшалай қаражаттың қайдан шыққанын дәлелдеуі керек. Егер дәлелдей алмаса, соттың шешімімен тиісті мүлік мемлекеттің пайдасына өндіріледі. Бұл, әрине, мәжбүрлеп өндіру шаралары – заңның ең негізгі жаңалығы. Оны біз күнделікті ақпарат құралдарында айтып жүрміз. Әлемдік тәжірибелерде оны «түсініксіз байлық» дейді. Бұл – жаңа Қазақстанда енгізілген жаңа механизм», - деді ол.

Заңға сәйкес, тұлға заңсыз активтерді мәжбүрлі түрде қайтарумен қатар, өз еркімен де активтерді қайтарып беруге мүмкіндігі бар. Ол үшін комитетпен келісімге келуі керек.

«Біз негізінен сол ерікті түрде қайтаруды мемлекет үшін де, қоғам үшін де дұрыс деп санаймыз. Өйткені инвестициялық ахуалды есепке аламыз, бизнес өкілдерінің мүдделері, адал несие берушілер мен адал сатып алушылардың мүдделері бар. Осы жан-жақты артықшылықтар мен кемшіліктерді ескере отырып, заңның өзінде ерікті қайтаруға басымдық берілген. Өз еркімен қайтару үшін субъектілер бірнеше тәсілді қолдана алады. Ол үшін ерікті түрде қайтару туралы біздің комитетпен келісім жасай алады. Егер сот болып, азаматтық іс қаралып жатса, азаматтық істің шеңберінде бітімгершілік келісім жасай алады. Егер қылмыстық іс болып жатса, қылмыстық іс шеңберінде кінәсін мойындап, залалды қалпына келтіріп, заңсыз иемденген активтерді қайтару арқылы процестік келісім жасай алады. Яғни, ерікті қайтарудың әртүрлі тәсілдері заңмен көзделген», - деді ол.

Нұрдәулет Сүйіндіков қалталылар шетелге жасырған заңсыз мүліктерін өз еркімен қайтаратын болса, оларға заң артықшылық береді, дейді.

«Ерікті қайтарудың өз артықшылықтары бар. Егер мәжбүрлеп өндіру кезінде толықтай сол талап қойылған мүлік мемлекетке қайтаруға тиіс болатын болса, ерікті қайтаруда комиссияның шешімімен қайтаруға жататын мүліктің бір бөлігі субъектінің өзінде қалуы мүмкін. Сонымен қатар, ол түрлі инвестициялық, әлеуметтік жобаларды өздігінше жүзеге асыра алады. Сондай-ақ, ерікті қайтару жөнінде мемлекетке, оның ішінде комитетке берілген мүлік туралы барлық ақпарат кейіннен оған қарсы қандай да бір істерде, тергеу іс-әрекеттерінде оған қарсы пайдалана алады. Осындай өз еркімен қайтаруының артықшылықтары да бар. Оны субъектілер өздері таразыға салып, бізбен жұмыс барысында ескереді», - дейді ол.

Заңның орындалуы негізгі үш құрылымға жүктелген. Біріншісі – премьер-министр жетекшілік ететін Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия, екіншісі – Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті, үшіншісі – басқарушы компания.

Заң бойынша активтерді қайтарудан түскен барлық қаражат елге, қоғамға, мемлекетке қажетті әлеуметтік және экономикалық жобаларға жұмсалатын болады.

Нұрдәулет Сүйіндіков осы уақытқа дейінгі активтерді қайтару бойынша атқарылған жұмыстарды айтып өтті. Бүгінге дейін заңсыз активтерді қайтару жұмыстары нәтижесінде арнаулы қорға 188 миллиард теңге құйылған.

«Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысы нәтижесінде 1 триллион теңгеге жуық сомаға келісімдер мен активтерді қайтару жөнінде біз ұсынған өзге де шаралар мақұлданды. Түсініксіз байлық туралы сотқа бірнеше рет талап-арыз да бердік. Соның бірінің шешімі шығып, күшіне еніп, 5,5 миллиард теңге қайтарылды. Қазақстан тарихындағы алғашқы шешім толығымен орындалып, ақшасы арнаулы мемлекеттік қорға, ал мүлкі сот шешімі бойынша басқарушы компанияларға өткізілді. Бүгінгі күнге арнаулы мемлекеттік қорға 188 миллиард теңге құйылды. 87 миллиард теңгеге мүліктей басқарушы компанияларға өткізілді. Олардың ішінде жылжымайтын мүлік бар, құнды заттар бар, әшекей бұйымдар бар, жер учаскелері, бизнес орталықтары, мейрамханалар, кәсіпорындардағы үлестер, жер қойнауына құқықтар, түрлі нысандағы активтер бар», - деді ол.

Үкімет арнаулы қорға жиналған қаражат есебінен алғашқы әлеуметтік жобаларды қаржыландыру туралы да шешім қабылдап жатыр.

«Бүгінгі күнге Ақтөбеде балабақша, Шымкентте жатақхана, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт мектебі, Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп, Түркістан облысының Темірлан ауылында өнер мектебі, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында көпбейінді аурухана құрылысына осы арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөліну туралы бюджеттің шешімдері қабылданып, жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған жолдауында заң субъектілері өздігінен де әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қатысуға шақырды. Осы ретте субъектілер мемлекетке өткізген активтерден бөлек өздеріне қосымша міндеттемені алып, бүгінгі күнге 100 миллион доллардан астам сомаға әлеуметтік және инвестициялық жобаларды қосымша жүзеге асыруда. Бұл еліміздің түрлі аймақтарындағы жобалар. Мысалы, Астанада командалық спорт түрлерінен спорттық манеж, оңалту орталығы салынады. Алматыда жаттығу орталығының ғимараттарын оңалту және әлеуметтендіру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, субъектілердің бірі – заманауи мәдени орталық ашпақ. Шымкентте мұқтаж азаматтар үшін көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Арқалықта күрес залы салынып, дарынды спортшылар үшін жатын корпусы жаңартылады, басқа да көптеген жобаның іске асып жатқаны – заң субъектілерін мемлекетпен диалог құруға ниет білдіруінің және жиналған капиталдың халқымыздың, еліміздің игілігі үшін, өркендеуі үшін жұмсауға дайын болуының айқын көрінісі», - дейді Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы.

Активтерді қайтару процесінің тағы бір маңызды бөлігі – қаражатты Қазақстан экономикасына қайта инвестициялау.

«Бұл тұрғыдан жаңағы мемлекеттік арнаулы қорға түсіп жатқан қаражаттан да елге қажетті экономикалық жобалар қаржыландырылатын болады. Оны мемлекет өзі іріктеп, қажетті жобаларға жұмсайтын болады. Дегенмен, бұл тұрғыда да біз субъектілер өздеріне қосымша міндеттеме алып, мемлекеттің қатысуынсыз қосымша қаражат жұмсап, инвестициялық жобалар жүзеге асыруда», - деді ол.

Инвестициялық жобалардың қатарында тамақ, химиялық өнімдер шығаратын зауыттарды салу, жаңғырту, туристік және логистикалық объектілер бар. Әрбір жоба бойынша келісімдерде олардың тиімділігінің көрсеткіштері бекітілген. Оның ішінде өндірістік шығындарды азайту, салық салынатын базамен еліміздің экспорттық әлеуетін ұлғайту, бірқатар экологиялық және энергетикалық проблеманы шешу, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты жыл сайынғы нақты көрсеткіштерге қол жеткізу бекітілген. Яғни, оның да жүзеге асырылу барысында мемлекетке, әрбір азаматқа нақты пайдасы болады.

Айта кетсек, Активтерді қайтаруды уәкілетті орган – құрылымында Активтерді қайтару жөніндегі комитеті бар Бас прокуратура жүзеге асырады. Премьер-министрдің басшылығымен активтерді қайтару жөніндегі комиссия құрамында – парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және т.б. бар. Мемлекетке қайтарылған активтер арнайы мемлекеттік қорда шоғырландырылады және жеке басқарушы компания басқарады. Одан әрі түскен қаражат бүкіл ел бойынша әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады. Қаражатты бөлумен Республикалық бюджет комиссиясы айналысатын болады. Бақылауды Жоғары аудиторлық палата жүзеге асырады. Ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есеп жыл сайын жұртшылыққа жеткізіледі.

Серіктес жаңалықтары