$ 529.7  545.96  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркі елдері ұйымы және АСЕАН: Қазақстан мен Әзербайжан елшілері жаңа көкжиектер туралы айтты

Түркі елдері ұйымы және АСЕАН: Қазақстан мен Әзербайжан елшілері жаңа көкжиектер туралы айтты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан мен Әзербайжан Республикасының Камбоджа Корольдігімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толуына арналған мерейтойлық кездесуде Azattyq Rýhy тілшісі қос елдің елшісімен пікір алмасты. Елшілер бауырлас мемлекеттер арасындағы тарихи байланыспен қоса, экономикалық байланыстың өрбуіне әсер ететін өте маңызды міндеттер туралы ойларын ортаға салды.

Әзербайжан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасы мен Камбоджа Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Шовги Мехдизада:

Бүгінгі басқосудың маңызы зор, тарихи күн деуге болады. Әзербайжан мен Қазақстан Республикасы Камбоджа Корольдігінде 30 жылда алғаш рет ресми қабылдау ұйымдастырып отыр. Біз көрші Вьетнам елінде мемлекет басшылары мен министрліктер деңгейінде Түркі елдері ұйымы ынтымақтастығының аясында көптеген әдеби, мәдени кездесу өткізіп отырамыз. Ол жерде, әрине, түркі елдері түгел емес, Әзербайжан мен Қазақстаннан өзге Түркия мемлекеті бар.

Біз тарихы бір тамырлас, бауырлас халық ретінде қарым-қатынасымызды нығайтатын жобаларды жасауды жалғастырамыз. Түркі елдері ұйымы бүгінде өте белсенді әрі маңызды аймақтық жоба болып отыр. Мәселен, Камбоджа әлемдік нарыққа, оның ішінде еуропалық нарыққа шығудың жолын қарастырып отыр. Сол сияқты біз үшін де мәдени байланыстан бөлек экономикалық мүдде де аса маңызды. Қазір түркі елдері Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға күш салып жатыр, бұл Еуропа мен Азия арасындағы ең сенімді және қауіпсіз көлік жобасы.

Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасы, Камбоджа Корольдігі мен Лаос Халықтық Демократиялық Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Қанат Тумыш:

Елші мырза айтқандай, бұл жүк тасымалы көлік жолы арқылы Вьентьяннан (Лаос мемлекеті) басталып, Кунминь – Үрімші (Қытай) – Алматы-Ақтау (Қазақстан) – Баку (Әзербайжан) – Ыстанбұл (Түркия), одан ары Еуропа елдеріне жасалды. 15-20 күнде тауар діттеген жеріне жетеді. Егер сол жүкті Камбоджа арқылы жіберсе, еуропалық құрлыққа екі айдың көлемінде барады. Ал Транскаспий транзиттік жолы арқылы тауар төрт есе жылдам жетеді.

Камбоджа тоқыма мата өндірісінен көшбасшы мемлекеттердің бірі. АҚШ-та жұмыс бабымен жүргенде ең сапалы деген брендтердің тоқыма мата өнімдері Камбоджада өндірілген деп тұратын еді. Мұнда материалдың өзіндік құны да, жұмыс күші де қымбат емес, сондықтан батыстың мен деген зауыттары осы елде жұмыс істейді. Сондықтан Камбоджа болсын, жалпы АСЕАН елдері Еуропа елдеріне тауарларын Қазақстан, Әзербайжан, Түркия арқылы тасымалдаса, тиімді болар еді. Себебі, Ресей арқылы өтетін солтүстік дәліздер санкцияның әсерінен жабылып қалды, ал Қызыл теңіз арқылы өтетін оңтүстік дәліздерде терроризм қаупінің өсуі, сонымен қатар Суэц каналындағы пираттық мәселелер қауіпсіздік тұрғысынан келгенде жүктің аман-есен жетуіне кепілдік бермейді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты өте тиімді болып отыр.

Шовги Мехдизада:

Қазір АСЕАН құрамындағы Оңтүстік-Шығыс Азияның 6 елі визасыз режимге көшуді қарастырып отыр. Шенген аймағы сияқты орта құрумен Камбоджа, Лаос, Малайзия, Мьянма, Вьетнам мемлекеттері белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. АСЕАН елдерінің ынтымақтастығының артуы Әзербайжан мен Қазақстан үшін өте маңызды, біз бұл елдерге Еурапаға қарай апаратын көпір қызметін атқара аламыз. Осы орайда өте маңызды детальді еске сала кету керек. Жақында Камбоджада парламенттің шешімімен Әзербайжан мен Қазақстанның достық тобы құрылды және осы топтың жетекшісі етіп екі елге бір адамды тағайындады.

Қанат Тумыш:

Біз Камбоджада достық тобын құруға аз уақыт ішінде қол жеткізе білдік. Болашақта осы үрдісті жалағастыра отырып, АСАЕН-ға мүше елдермен интеграцияны дамытуымыз керек. Менің ойымша, алдағы уақытта Қазақстан АСЕАН-ның достық және ынтымақтастық туралы шартына қосылуы керек. Елімізге АСЕАН нарығына кіруге мүмкіндік беретін құжаттарды ратификациялау қажет деп ойлаймын. Бұл өте ірі нарық, АСЕАН-ға кіретін елдер тұрғындарының саны 600 миллион адамнан асады, яғни әлем халқының 9%-на тең. Қандай алып нарық екенін елестетіп көріңізші. Сондықтан біздің елімізге Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерімен жұмыс істеу үшін көптеген құжатқа қол қою керек, келісімшарттық-құқықтық базаны ретке келтіру қажет. Осындай кезде түркі елдерінің бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істеуі маңызды. Саяси, экономикалық тұрақсыздық орнаған қазіргідей кезеңде сүйенер тірегіміз – түркі елдерінің болғаны күш-қуат береді.

Осыған дейін 20 қазақ қана тұратын Камбоджа елі туралы материал берген едік.

Серіктес жаңалықтары