Елорда әкімдігі түлектерге мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салды
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 6 515 елордалық оқушы аттестат алады
Мектеп бітіруші түлектерге салтанатты түрде аттестат тапсыру рәсімі 3 маусымда қаланың барлық орта оқу орындарында өтеді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы.
«Елордада карантин режимінің сақталуына байланысты аталмыш іс-шаралар барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, мектеп аулаларында өтеді. Оқушылар рәсімге мектеп формасымен қатысады. Аттестат тапсырғаннан кейін «Түлектер аллеясында» көшет отырғызу акциясы жоспарланған. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы бітіру кештерін өткізуге қатаң тыйым салынатынын ескертеді», – деді А. Зарлыққызы.
Биыл 6 199 елордалық оқушы немесе оқушылардың жалпы санының 95%-ы ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсырады. Оның ішінде 3 665 қазақ, 2 495 орыс, 39 ағылшын тілінде. Бұл ретте ҰБТ өткізу форматы өзгеріссіз қалады: ұзақтығы 3 сағат 50 минут тест екі блоктан – 3 негізгі пән (20 тапсырма) және 2 бейіндік пәннен (30 тапсырма) тұрады.
«ҰБТ-ға 11-ші сыныптың төртінші тоқсанының тапсырмалары енгізілмейді. Карантин режимін ескере отырып, тест басталар алдында емтихан тапсырушылардың температурасы өлшеніп, оқушылар арасында қауіпсіз қашықтық сақталады. Сондай-ақ қосымша санитарлық шаралар қабылданады. Бұдан басқа, оқушыларды ҰБТ өтетін жерге тегін жеткізу қамтамасыз етіледі; ата-аналар өз балаларының уақытында келуін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. ҰБТ басталғанға дейін үй-жайлардың өртке қарсы қауіпсіздігі тексеріледі, медициналық көмек және құқықтық тәртіпті қорғау ұйымдастырылады», - делінген.
Биыл «Алтын белгіге» – 359, үздік аттестатқа 379 түлек үміткер.
Еске сала кетейік, биыл Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау шарасы мамырда емес, маусым айында өтеді. Ал Ұлттық біріңғай тестілеу жоспарға сәйкес, 20 маусымда басталады.