$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.05.2020, 17:52
Қоғам

Түркістанда күйеуінен жасырып, көңілдесіне ақша беріп келген әйелді полиция әшкереледі

Ол күйеуіне 2 млн теңгені ұры алып кетті деп өтірік айтқан  

Түркістанда күйеуінен жасырып, көңілдесіне ақша беріп келген әйелді полиция әшкереледі
фото: Батыржан Беспаев

Түркістан облысының полицейлері «тонап кетті» деп жалған ақпарат берген әйелді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Сайрам аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне аудандағы елдімекендердің бірінен тұрғынның үйіне ұры түскені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне жәбірленуші үйіне бетперде киген белгісіз адам кіріп, оны байлап, пышақпен қорқытып, екі миллион теңге ақшасын алып кеткенін жеткізді.

«Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Сайрам аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері қылмысты ашу мақсатында қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, үй тұрғындары мен куәгерлерден жауап алып, қылмыс орнын тексерді», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында жедел уәкілдер оқиға орнынан тонаудың ешқандай нақты іздерін таппады. Тонау туралы өтірік ақпарат беруі мүмкін деген болжам жасалды. Полицейлердің аталған болжамы расталды және жәбірленуші тонау орын алды деп, полицияға жалған ақпарат бергенін мойындады.

Белгілі болғандай, әйелі күйеуінен жасырып, көңілдесіне отбасылық ақшадан беріп отырған. Нәтижесінде, ол екі миллион теңге жұмсап қойып, ақшаның жоқтығын күйеуінен жасырғысы келген. Сүйіктісі екеуі жоспар құрып, «тонап кетті» деп жалған ақпарат беруді шешкен. Осылайша, көңілдес жігіт жоспарды орындау үшін жәбірленуші әйелді байлап, көзінен ұрып, кетіп қалған. Ал күйеуі үйге келгенде, әйел оған тонаушылардың шабуыл жасағанын айтып, полицияға арыз түсірген.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы (көрінеу жалған сөз жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеудің жинақталған материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау үшін прокуратураға жіберілді.

Серіктес жаңалықтары