Теңіз кенішінде 230 орындық инфекциялық стационар ашылды
Қазір орталықта 211 науқас ем алып жатыр
Қазіргі уақытта мұнда ТШО мердігер мекемелерінің 211 қызметкері ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штаб хабарлады.
№ 2 облыстық аурухананың филиалы ретіндегі аталмыш орталық «ПТШО» вахталық лагерь аумағында орналасқан. Бүгінде орталықта 211 науқас ем алып жатыр. Оның ішінде 55 адамда - аурудың жеңіл түрі байқалса, 156 науқастың ауруы симптомсыз өтуде.
«Инфекциялық стационарда жұмыс істеуге екінші облыстық аурухананың 25 қызметкері жұмылдырылған. Атап айтқанда, олар үш дәрігер, 16 орта медицина қызметкері және 6 кіші медицина қызметкері. Алайда, олардан бөлек қосымша 1 терапевт, 1 инфекционист және 8 кіші медициналық қызметкер қажет», - деп мәлімдеді жедел штаб.
Сонымен қатар, инфекциялық стационарда ТШО клиникасының 32 дәрігері мен 30 орта медициналық қызметкері жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта стационарларда байланыста болған 2000-нан астам карантинде жатыр. ТКҚСҚБК және ТШО облыстық филиалының санитарлық-эпидемиологтары науқастарды оқшаулау жұмыстарын жүргізуде. Карантиндік шаралар уақтылы енгізілмей, блок-бекеттер дұрыс орнатылмаған кезде, эпидемиологиялық жағдай бақылаудан шығып, инфекция облыс орталығына таралуы мүмкін еді», - деп түсіндірді штабтағылар.
«ПТШО» вахталық аумағында анализдерді жинау және өңдеумен үш зертхана айналысады: олар Ұлттық сараптама орталығының Атырау облысы бойынша филиалы, Олимп лабораториясы және Атырау обаға қарсы күрес станциясының мобилді зертханасы. 19 мамырдан бастап республикалық Ұлттық сараптама орталығының зертханасы өз жұмысын бастайды.
Одан бөлек, кен орнында 80 орындық провизорлық стационар мен 610 орындық карантиндік стационар бар.