$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.05.2020, 11:17
Қоғам

Қызылорда облысы карантин кезінде «отты жырлардың» YouTube-каналын ашқан

Қызылордалықтар карантинге байланысты, «Абай» операсын тек күзде көре алады  

Қызылорда облысы карантин кезінде «отты жырлардың» YouTube-каналын ашқан

Azattyq Rýhy тілшісі алдын ала қаражат бөлініп, пандемияға байланысты шараларды кейінге қалдырған қалалар мен облыстардың бюджеті қалай үнемделгенін жазады. Бүгін Қызылорда облысының наурыз, сәуір, мамыр айларындағы мерекелік даталарға бөлген қаражатына тоқталамыз.

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ – БЮДЖЕТ ЖАНАШЫРЫ

Қызылорда облысының әкімдігіне жіберген ресми сауалымызға жауап электронды үкімет порталынан алынды. Хат мәтіні сауатсыздау әрі өте қысқа қайырған. Әкімдіктегілер 2020 жылдың наурыз, сәуір, мамыр айларындағы бүкіл шарадан бас тартқанын хабарлап отыр.

«Әлемде таралған коронавирус инфекциясының салдарынан елімізге енгізілген төтенше жағдайға байланысты, өңіріміздегі барлық мәдени-көпшілік шаралар тоқтады. Сондықтан, 2020 жылдың наурыз-мамыр айларында тойланатын мемлекеттік мерекелік шараларды ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен бөлінген 12 миллион 382 мың теңге қаржы облыстық мәслихаттың шешімімен бюджетке кері қайтарылды», - деп хабарланған дереккөздің жауабында.

ТЕНДЕРСІЗ ТОЙ, ГОНОРАРСЫЗ СЦЕНАРИСТ

Үш айдағы мерекелерді өткізу үшін Қызылорда облысының әкімдігі ешқандай тендер өткізбегенін, тиісінше, қандай да бір компания немесе атақты адамдармен келісімшарт жасалмағанын хабарлап отыр. Әкімдік пандемия басталмаса, мерекелік даталардың бәрін облыстық филармонияның арқасында атап өтуді жоспарлаған екен.

«Аталған мерекелік шараларға тартылатын өнерпаздар мен сценарист-режиссерлер облыстық филармонияда әртіс, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығында сценарист-режиссер болып тұрақты түрде жұмыс істейтіндіктен, гонорар төленген жоқ», - деп хабарлайды әкімдік.

Қызылорда облысының әкімдігі «қызыл» даталардан басқа да сондай-ақ, Абайдың 175 жылдығына арналған біраз шараны күзге шегерген. Бірақ, ол шараларға қанша қаражат бөлінгені хабарланған жоқ.

«Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған "Көзімнің қарасы" атты облыстық воклистер конкурсы, А.Жұбанов, Л.Хамидидің "Абай" операсының концерттік нұсқасы, шілде айында өтетін Ұлттық Домбыра күніне арналған күйшілер байқауы күз айларына ауыстырылды», - делінген әкімдіктің ресми жауабында.

КАРАНТИН ҮШІН YOUTUBE-КАНАЛ АШҚАН

Облыс әкімдігі сондай-ақ «мәдениет және өнер мекемелері халыққа рухани азық сыйлау үшін әлеуметтік желілер арқылы онлайн режимде жұмыс істеп жатқанынан» хабарлап отыр.

«Мәдени қызметтің ауқымын кеңейту мақсатында «СЫР ШАҢЫРАҒЫ» (youTube - авт) каналы ашылып, облысымызға белгілі ақындар мен жыршы-жыраулар отты жырларымен елдің рухын көтеріп жатса, шығармашылық өкілдері өздерінің өнерлерін халыққа танытуда», - деп хабарлайды әкімдік.

Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және мұрағат басқармасы бұл канал 2020 жылдың 31 наурызында ашылды деп хабарлағанмен, канал осыдан үш жыл бұрын, яғни, 2017 жылдың 22 қаңтарында  тіркелгенін байқадық. Канал өңірдегі әншілердің концерттерін, соның ішінде, бес жыл бұрын өмірден озған Қызылорда қаласының тумасы, атақты әнші, сазгер Батырхан Шүкеновті еске алу концертін жүктеген. Каналдың 1500 адамнан сәл асатын көрермені бар.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары