Атырауда бөтеннің малын ұрлаған ер адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды
Айыпталушы 13 жәбірленушіге 6,9 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген
Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотында мал ұрлау бойынша сот процесі өтті. Сотталушы Қ. өзінің шаруа қожалығының аумағына кірген бөтен малдарды көріп, оларды иелерінің рұқсатынсыз бірнеше рет жасырын ұрлап, сатып жіберген. Түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Соттың анықтауы бойынша, айыпталушы Қ. мал ұрлығы арқылы 13 жәбірленушіге 6,9 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Оның кінәсі өзінің жауаптары, жәбірленушілердің айғақтары мен қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді. Бұған қоса, сотталушы бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін пробациялық бақылауда жүрген.
Прокурор соттан Қ.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жазаны қосу арқылы түпкілікті 7 жылға соттауды сұрады. Жәбірленушілердің кейбірі сотталушыға қатаң жаза беруді талап етсе, қалғандары бұл мәселені соттың құзырына қалдырды.
«Сот Қ.-ны Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілеместен, түпкілікті 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.