$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Дубай шоколады, «шайн мускат», маклюбе: өтпелі трендтер қоғамға пайда ма, әлде шығын ба

Өскелең ұрпақ үшін тренд қуу сәнге айналып бара жатыр

Дубай шоколады, «шайн мускат», маклюбе: өтпелі трендтер қоғамға пайда ма, әлде шығын ба
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Маклюбе, макаронс, Дубай шоколады, шоколадқа малынған құлпынай мен анар. Елді шулатқан бұл трендтерге енді «шайн мускат» қосылды. Иә, бұл – соңғы жылдары Қазақстанда болған трендтер, жастардың көңілі ауып, есін алған өтпелі үрдістер. Белгілі бір қоғамға жаңашылдық, өзгеріс әкелсе, трендтің пайдасы зор. Ал жоғарыда аты аталған уақытша үрдістер қоғамды шығынға батырып, «бекер мал шашпақтың» кебін кигізеді. Azattyq Rýhy тілшісі осы орайда бүгінгі қоғамға келген өзгерістердің пайдасы мен зиянына тоқталып өтпек.

ДУБАЙ ШОКОЛАДЫ

Биыл қазақ қоғамы шетелдік өнімдерге ерекше қызықты. Алдымен шоколадқа оралған құлпынай сәнге айналып, жастардың есін алса, артынша өзгерген нұсқасы пайда болып, кәсіпкерлер анар жемісін шоколадқа орап сатты. Бағасы да арзан емес. 10 данасы орташа есеппен бастапқыда 10-12 мың теңгеден саудаланды.

Арада көп ұзамай Дубай шоколады пайда болды. Бір плиткасының өзі Біріккен Араб Әмірліктерінде 129 дирхамнан, яғни 18 мың теңгеден сатылса, Қазақстанға тікелей жетсе, жекелеген тұстарда 25-30 мың теңгеге дейін бағаланып жатты. Арзан емес. Екі баласы бар отбасының шамамен 10 күндік азық-түлігінің құны. Алайда, оны алып, жақынына сыйлағандардың да қатары аз емес. Ал өтпелі үрдіске қызыға қоймаған жастар әлеуметтік желіде түрлі видеолар түсіріп, бұл «трендті» сиырдың тезегіне ұқсатып, мысқылдап жатты.

Тренд болған жерде алаяқтық та, жеңіл табысты ойлаған саудагерлер де болатынын ескерген жөн. Мәселен, дәл осы шоколадтың құрамын өзгертіп, қолдан жасап, сатып жатқандар өте көп. Олар шынайы оригинал нұсқасы секілді қымбат болмағанмен 12-15 мың теңге тұрады. Рас, дәмі тіл үйірерлік. Желіде алғаш дәмін татқандар аузының суы құрығанша мақтап жатыр. Дегенмен бір плиткасы, яғни, салмағы небары 400-450 грамм бұл шоколад бір отбасының бір апталық тамағының құны. Қалтаңды қағатын маркетингтің құрбаны болу қаншалықты орынды!?

Желіде хит болған шоколадтың дәмін алғаш көргендер алған әсерлерін, артынша, кеңестерін айтып жатыр.

«Қазір Дубай шоколадын жасап, пайда табу кез келгеннің ермегі болып кетті. Сол себепті білмей жатып, алғашқы көрген жарнамаңыздан сатып алмағаныңыз жөн. Себебі, сіз ойлағандай тәтті болмай қалуы мүмкін. Ал түптеп келген бұл шоколадтың дәмін татпай-ақ қойсаңыздар да болады. Өмірлеріңізге бәрі бір жақсы өзгеріс әкелмейді», - дейді TikTok желісіндегі блогер Полина Панченко.

Блогерлердің тағы бірі шетелдік өнімді алып, өзгенің арбауына түсіп қалмауға шақырады.

«Дубай шоколадын сатып алмаңыздар. Қарапайым тілмен айтқанда, сіздерді қазір манипуляциялап жатыр. Ал сіздер соған алданып жүрсіздер. Мәселен, біреу келіп, 15 мың теңгеге сіз білмейтін кішкентай шоколадты ұсынса, сатып алар ма едіңіз!? Әлбетте, сатып алмайтыныңыз анық. Ал оны блогерлер жарнамалап, соның төңірегінде хайп жасап, маркетингтік әдіс-тәсілдер қолданылса, қарапайым адамдар нені қалайтынын айыра алмай қалып жатады. Ал шын мәнінде болмашы тауарын сіздерге тықпалап, өткізіп жатыр. Оның ешқандай да ерекшелігі жоқ. 15 мың теңгеге шоколад алу – бұл жай сөзбен айтқанда оған тұрарлық емес. Сол себепті біреудің жетегінде кетіп алданбаңыздар», - дейді тағы бір блогер Пери Темірланова.

Жоғарыда айтқанымыздай, тренд болған жерде сақ болмаса, алаяқтар қоса жүреді. Дубай шоколадына қатысты трендтің қызығын біліп, жеңіл ақшаға қарқ болғысы келген алаяқтар жуырда ғана табылып, қолға түсті. Ел астанасында жалған хабарлама таратып, клиенттердің әрқайсысынан 15 мың теңгеден қағып алған соң телефонын сөндіріп, хабарсыз кеткендер болды. Алаяққа тап болғанын білген клиенттер полицияға шағымданып, аяғында бірнеше күдікті криминалды полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде қолға түскен болатын. Қазір осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«ШАЙН МУСКАТ» ЖҮЗІМІНІҢ ҚҰНЫ ШАРЫҚТАП ТҰР

Дубай шоколадының желігі басылып, өскелең ұрпақ назарын пайдалы жаққа бұра ма деп едік, пайдасы жоқ трендтің тағы бір түрі шықты. Әдетте ешкім мән бермейтін, басқа сорттарына қарағанда аздап қымбаттау болса да дүкен сөрелерінде тұратын будандасқан жүзім жастардың ынтасын аударып-ақ барады. Дәл қазір «шайн мускат» атауымен танымал беймәлім жеміс сорты трендтің төрінде тұр.

Жұрт білмейтін, ешкім назар аудара қоймаған шақта бір үзімі үш-төрт мың теңгенің төңірегінде болатын. Блогер Пери Темірланова айтқандай, маркетинг жасап, танымал тұлғалар жарнамалаған соң небәрі 400 грамының бағасы 8-9 мың теңгеге бір-ақ қымбаттады. Кей жерлерде тіпті 10 мың теңгеге дейін жетеді. Жүзімнің іріленген бұл түрін киви мен мангоның қосылған дәміне ұқсатса, енді бірі тәтті суға теңеп жатады.

«Иә, біз маркетингтің құрбаны болдық. Бағасы сегіз мың теңге тұрса да атышулы жүзімді сатып алдық. Ал дәмі қарапайым жүзім сияқты. Рас, тәтті суға ұқсайды. Су қосылған жүзім бе дерсің. Алып бара жатқан ерекшелігі жоқ. Сегіз мың теңге ауаға кетті десеңізші», - дейді танымал блогерлер Риза мен Заңғар.

Трендтен бұрын, бұл жүзім денсаулыққа пайдалы ма әлде зиянды ма деген мәселе көп талқыланды. Интернет кеңістігінде зияны жайлы жазылған ақпараттар да жоқ емес. Жүзімнің құрамындағы нитраттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан асып түседі деген мәліметтер бар. Бұл туралы журналист тіпті ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа да сұрақ қойған еді.

«Бұл жемістен міндетті түрде сынама алынып, зертханаға тапсырылады. Арыз жазыңыздар, біз міндетті түрде тағы да тексерістен өткізіп, нәтижесін жариялайық. Менің ойымша, шекарадан өткен екен, демек тиісті құжаттары мен сертификаты бар деген сөз. Ал егер заңсыз жолмен өткен болса, әңгіме басқа», - деген еді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Ал дәл бүгін ауыл шаруашылығы министрлігі «шайн мускатқа» қатысты зерттеудің қорытындысын жария етті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, карантиндік фитосанитарлық қорытындыға сәйкес, «Шайн мускат» жүзімінен карантиндік зиянкестер табылмаған.

«КОРЕЯДА ЖҮЗІМГЕ ҚАТЫСТЫ ТРЕНД ЖОҚ»

Біз осы тұста Оңтүстік Корея елінде IT саласы бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинап жүрген отандасымыз Ғайни Әлжановамен байланысқа шығып, тренд болған жүзім жайлы сұрап білдік.

«Шайн мускат» жүзімі негізі Оңтүстік Кореядан шыққан. Ол – маусымдық жеміс. Қыркүйек айынан басталып, қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Яғни күз бен қыстың ортасына дейін сатылымға шығады. Ол қара өрік пен жүзімнің қосындысы, яғни екеуін біріктіріп, жүзімнің жаңа сортын ойлап шығарған. Оңтүстік Кореяда кез келген жеміс түрін кездестіруге болады. Дегенмен Қазақстанда арзан тұратын жеміс-жидек бұл жақта қымбаттау. Мәселен, алма Оңтүстік Кореяда әжептәуір қымбат.

Ал жастар арасында ерекше танымал болған жүзімнің бұл түрін Қазақстанға тікелей Оңтүстік Кореяда өскенін емес, Қытайда шыққан түрін жеткізіп жатқан көрінеді. Қытайда шығатынының дәмін білмейді екенмін. Ал Оңтүстік Кореяда өскен оригинал нұсқасы өте тәтті. Отбасымызбен сүйіп жейміз. Қарапайым жүзімнен дәмі өзгешелеу. Жылыжайда өскендіктен жасандылау көрінуі мүмкін, дегенмен дәмі қарапайым жүзімнен шырындылау келеді. Өзіміздің жеп жүргенімізге үш жылдай болып қалды. Отбасымызбен осы жаққа көшіп келгелі бері тұрақты түрде алып тұрамыз. Өзіме қатты ұнайды.

Ерекше айта кететінім, Қытай мен Оңтүстік Кореяда өсетін «шайн мускат» жүзімі түрі жағынан бір-біріне аса ұқсамайды, сол себепті де дәмінде де айырмашылық болуы мүмкін. Меніңше, жұрттың ұнатпағаны дәл осы Қытайдан жеткізілген нұсқасы болуы мүмкін», - дейді отандасымыз.

Фото: Ғайни Әлжанова
Фото: Ғайни Әлжанова

Ғайни сөзін жалғай отырып, Оңтүстік Кореяда тамаққа қатысты тренд осыған дейін ешқашан болмағанын айрықша атап өтті.

«Оңтүстік Кореяда тамаққа қатысты қоғамда ешқандай да тренд жоқ. Ал Қазақстандағы бағасын көріп, шошып отырмыз. Бәлкім өз елімізде өспейтін болған соң құны да шарықтап тұрған болар. Корей елінде төрт килограмм болатын жүзімнің бір қорабы 19 900 вон. Ал теңгеге шаққанда шамамен 7200 теңгедей болады. Өкінішке қарай, жастар өзгелердің пікіріне құлақ асып, жұрттан қалмауға көп көңіл бөледі. Бұл мүлдем дұрыс емес. Ал Оңтүстік Кореяда мүлдем басқаша, бәрі керісінше. Әркім өзіне ұнағанын ғана алады. Өз басым, отандық өнімді қолдау керек деп ойлаймын, себебі Оңтүстік Корея елі тек өздерінің өнімін қолдайды, жемістен бастап, көліктеріне дейін – отандық өнім», - дейді ол.

Ал спорт журналисі Всеволод Хван өткен жылы Оңтүстік Кореяға барғанында ірі жүзімнің бір килограмы 1500-2000 теңгеге ғана сатылғанын тілге тиек етті.

«Кореяда «шайн мускат» қарапайым жемістердің бірі. Ұлтым корей болса да өзім Қазақстанда туып-өскендіктен, ол жақтың жеміс-жидегі аса ұнай қойған жоқ. Бәлкім жеміс-жидегінің басым бөлігі жылыжайда өскендіктен болар. Оның үстіне жер көлемі Қазақстан секілді үлкен болмағандықтан климаты да жеміс-жидектің барлық түрін өсіруге қолайсыздау болып келеді. Негізінен жылыжайларда өседі. Былтыр Кореяға барғанымда, «шайн мускаттың» дәмін алғаш рет татып көргенмін. Шынымды айтайын, алып бара жатқан ешнәрсесін байқаған жоқпын. Жүзімнің ірі түрі. Болды, одан артық ешнәрсесі жоқ. Өз басым ешқандай әсер алған жоқпын. Меніңше, дәл осы қарқынмен «шайн мускаттан» бөлек кез келген затты блогерлер арқылы қоғамға өткізіп жіберуге болады деп ойлаймын», - дейді Всеволод Хван.

Осы орайда қазіргі қоғам көргенінің бәріне еліктеп, ақшасын шаша беретін ортаға айналып бара жатқандай әсер қалдырады.

Өкінішке қарай, танымал тұлғалар да, блогерлер де, қарапайым желі қолданушылары да маркетингтік әдіс-тәсілдерге алданбауға үндеп, саналы түрде тұтынуды насихаттап, жарнаманың манипулятивтік тәсілдерін ашып көрсеткенімен, қоғам бұл үндеулерді үнемі елемей, артық шығын жасауды жалғастырып келеді. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі сәнді жарнамалар мен әсерлі ұсыныстар адамдарды рационалды шешімдерден гөрі эмоцияға сүйенген саудаға итермелейді. Бұл үрдіс тұтынушылардың қаржылық жағдайын нашарлатып қана қоймай, қажеттілік пен сән-салтанат арасындағы шекараны жойып отыр.

Қоғамдағы мұндай қарқынның тоқтамауының бір себебі – тұтыну мәдениетінің қаржылық сауаттылықтан артта қалуынан да болуы мүмкін. Көптеген адам жарнаманың артындағы әдіс-тәсілдерге көңіл бөлмейді, ал эмоцияға әсер ететін маркетингтік стратегиялар саналы ойлауды бұғаттайды. Ал саналы тұтыну – қаржыны үнемдеудің ғана емес, қоғамның болашақ тұрақтылығының негізі.

Шетелдік трендтер мен сәнге ілесу кейде қоғамда тұтынушылық мәдениеттің шектен тыс дамуына әкеледі. Біз қажеттілік пен сәнділіктің шекарасын жоғалтып, ақшамызды шетелдік болмашы өнімдерге жұмсауға бейім болып бара жатқандаймыз. «Шайн мускаттың» уақыты өткен соң жастар осы қарқынмен тағы бір болмашы затты сәнге айналдырып алатындай әсер қалдырады.

Бұл, бір жағынан, адамның өзін-өзі көрсеткісі келуіне және болмашы атаққа ұмтылуына байланысты болса, екінші жағынан, жаһандық маркетингтің шебер тәсілдерінің нәтижесі. Мәселе мұндай шығындардың адамдардың шынайы қажеттіліктерінен артық болуында. Мысалы, сән үшін алынған қымбат заттар ұзақ мерзімді мақсаттарға емес, қысқа мерзімді әсерге жұмыс істейді, ал бұл қоғамның қаржылық тұрақтылығын әлсіретеді.

Сонымен бірге, бұл үрдіс ұлттық өнімдер мен құндылықтарға деген қызығушылықты төмендетіп, сыртқы тұтынуға тәуелділікті арттыруы мүмкін. Экономика үшін бұл импорттың өсуі, ал мәдениет үшін сыртқы құндылықтардың басым болуы ретінде көрініс табады. Мұндай жағдайдан шығу үшін қоғамға тұтыну мәдениетін қайта қарастыру, қаржылық сауаттылықты арттыру және ұлттық құндылықтарға назар аудару маңызды. Еліктеуден гөрі, трендтерді өзіміздің мәдениетімізге бейімдеп, үйлесімді қолдануға тырысу болашаққа неғұрлым пайдалы болмақ. 

Сөз соңында айтарымыз, Алматының әйгілі апорты қазір жоюылудың алдында тұр. Бір кездері бір данасы жарты килограмға дейін баратын ұлттық жемісімізді қазір табу қиынның қиыны. Шетелдің будандастырып, маркетинг жолымен сатылып жатқан зиянды заттарын сәнге айналдырғаннан гөрі өзіміздің апортымызды дәл сондай жолмен насихаттап, қайта түлетсек, қоғамға да, экономикамызға да пайдасы әлдеқайда мол болар еді.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#қоғам