$ 497.26  525.21  4.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 16:25
Қоғам

Бітпейтін кептеліс, экологиялық проблема: Алматыда қоғамдық кеңес қандай шаруамен айналысады

Қоғамдық кеңестердің маңызды қызметінің бірі – мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету

Бітпейтін кептеліс, экологиялық проблема: Алматыда қоғамдық кеңес қандай шаруамен айналысады
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Алматы қаласының қоғамдық кеңесі – бұл азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған консультативтік-кеңесші орган. Қоғамдық кеңестердің негізгі міндеті – маңызды әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық мәселелерді шешу процесіне тұрғындарды тарту, азаматтық бақылауды қамтамасыз ету және халықтың мүдделерін мемлекеттік басқару деңгейінде қорғау. Azattyq Rýhy агенттігінің кезекті материалында Алматы қаласында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.

Алматы қаласында шаһар мен оның тұрғындары үшін атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің тигізген еңбегі де орасан зор. Осы орайда біз олардың атқарып жатқан жұмыстарының негізгі бағыттарына тоқталып өтуді жөн көрдік.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму саласы. Алматының негізгі проблемасы не? Бұл қалаға алғаш келген адам екі үлкен проблеманы бірден айтатыны анық. Оның біріншісі адамның денсаулығына тікелей әсер ететін экологияның нашарлығы, яғни ауаның ластығы, екіншісі, бітпейтін көлік кептелісі. Мәселен, Астанада таңғы және кешкі қарбалас сәттерде ғана көлік кептілісі тіркелсе, Алматыда уақыттың кез келген шағында кептеліске түсу еш қиын емес. Міне қаладағы қоғамдық кеңес қазір осы екі проблеманы шешу мәселесін талқылау үстінде. Сол сияқты жергілікті инфрақұрылымды дамыту, көлік жүйесін жетілдіру және экология мәселелерін шешуге ерекше назар аударып отыр. Қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты ұсыныстар әзірленуде. Мысалы, қоғамдық тыңдауларда энергия тиімділігін арттыру және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселелері талқыланды.

Қоғамдық бақылау. Қоғамдық кеңестердің маңызды қызметінің бірі – мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету. Бұл мақсатта мемлекеттік бағдарламалар мен бюджеттің орындалуы үнемі бақылауда болады. Алматы қоғамдық кеңесі мемлекеттік органдардың қызметі туралы есептерді тыңдап, оларды халықпен талқылауды дәстүрге айналдырды. Мұндай отырыстар азаматтардың пікірін ескеруге және шешім қабылдау процесін жақсартуға мүмкіндік береді.

Білім беру және жастар саясаты. Жастардың белсенділігі мен әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Кеңес білім беру сапасын жақсарту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жастарды еңбек нарығына бейімдеу мәселелері бойынша ұсыныстар жасайды. Сонымен қатар, жастарды қолдауға арналған арнайы жобалар мен бағдарламалар іске асырылып жатыр.

Алматы қаласында жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға арналған бірнеше маңызды бағдарлама сәтті жүзеге асып жатыр. Солардың бірі – Jobfair365 платформасы, ол жастарды мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру, тегін кәсіби курстар ұсыну және ақпараттық қолдау көрсету қызметтерін қамтиды. Соңғы мәліметтер бойынша бұл платформада төрт мыңға тарта бос жұмыс орны мен екі мыңға жуық жұмыс беруші тіркелген. Қысқа мерзімді курстар арқылы 10,2 мың жас оқытылып, олардың 9,2 мыңы жұмысқа орналасқан. Курстар IT, цифрлық маркетинг, дизайн, қаржы, кәсіпкерлік сияқты сұранысқа ие салаларды қамтиды.

Сонымен қатар, Алматы әкімдігі «Жасыл ел» жобасы аясында 2 мыңнан астам жасты уақытша жұмысқа орналастырып, еңбек нарығына икемделуіне көмектескен. Жалпы биыл жыл басынан бері қалада ондаған мың адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде он мыңнан астамы – жастар.

Мәдениет және спорт. Қоғамдық кеңестер мәдени мұраны сақтау және спортты дамыту бойынша да белсенді жұмыс істейді. Бұл бағытта түрлі фестивальдер, спорттық іс-шаралар және қоғамдық кездесулер өткізіледі. Кеңес қоғамның әртүрлі топтары арасында мәдени диалогты нығайтуға көмектеседі.

Қоғамдық тыңдаулар мен семинарлар. Қоғамдық кеңес ұйымдастыратын көшпелі семинарлар мен тыңдаулар – халықпен тікелей қарым-қатынас орнатудың тиімді әдістерінің бірі. Бұл кездесулерде тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын тікелей білдіре алады. Мұндай тәсіл халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейтеді және жергілікті билікке нақты ақпарат береді.

Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің төрайымы және мәслихат депутаты Алтынай Көбеева қоғамдық кеңес мүшелерімен және мәслихат депутаттарымен бірге Әуезов ауданындағы полицияның сервистік орталығының жұмысын тексерді. Бұл орталықтар полиция қызметін сервистік модельге көшіру шеңберінде іске асырылуда және олардың негізгі мақсаты – қоғаммен ашық диалог орнату және тұрғындардың сұраныстарына жылдам жауап беру.

Қазіргі уақытта полицияның сервистік орталықтары Алматының жеті ауданында жұмыс істейді, ал жақын арада Түрксіб ауданында сегізінші орталық ашылмақ. Мұнда азаматтарға көші-қон және әкімшілік полиция қызметтері, жол-көлік оқиғалары бойынша кеңестер, шетел азаматтарын тіркеу және көлік құралдарын қайта жабдықтау құжаттарын рәсімдеу сияқты қызметтер көрсетіледі. Бұл орталықтар тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған.

Бұл қалалық кеңестің атқарып жатқан шаруаларының бір бөлігі ғана. Біз осы тұста қоғамдық кеңестің биылғы атқарған жұмыстарын саралай келе мынандай іс-шараларға мұрындық болғаны туралы түйіндеме жасадық:

  • Көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына қоғамдық бақылау жүргізу.
  • Қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде көгалдандыру және қалдықтарды өңдеу жобаларын іске асыру.
  • Білім беру мекемелерінің жағдайын талқылау және денсаулық сақтау саласына инновациялық шешімдер енгізуге ықпал ету.
  • Туризмді дамытуға бағытталған цифрлық платформаларды енгізуді қолдау.
  • Халықаралық тәжірибелер негізінде жергілікті басқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау

Қоғамдық кеңестердің ашықтығы мен есептілігі. Алматы қаласының қоғамдық кеңесі өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы онлайн платформалар мен әлеуметтік желілерді пайдаланады. Барлық қабылданған шешімдер мен ұсыныстар кеңестің ресми сайтында жарияланып, халыққа қолжетімді болады. Кеңестің жұмыс жоспарлары, отырыстарының күн тәртібі және есептері де ашық түрде ұсынылады.

Ал өз кезегінде Алматы қаласының әкімдігі қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру және олардың қызметін қолдау бағытында бірқатар бастаманы жүзеге асыруда. Қала әкімі Ерболат Досаев бастаған жергілікті атқарушы органдардың басшылары қоғамдық кеңес мүшелерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, жергілікті деңгейдегі маңызды мәселелерді талқылауға ерекше мән береді. 2024 жылы әкімдік кеңестің ұсыныстарын ескере отырып, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, экологияны жақсарту және қаланың әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша нақты шараларды қолға алды. Бұл жұмыстар қоғамның барлық топтарын шешім қабылдау процесіне тартуды көздейді.

Сонымен қатар, әкімдік қоғамдық кеңестер арқылы азаматтық бақылауды нығайтуға тырысып, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел жауап беруге мүмкіндік жасайды. Қоғамдық тыңдаулар мен сараптамалық талдаулар негізінде қаладағы басым салаларды дамытуға қатысты жоспарлар қайта қаралып, жаңа жобалар іске қосылды. Әкімдік пен кеңес арасындағы бұл тығыз ынтымақтастық қала тұрғындарының сенімін нығайтып, қоғамдық мәселелердің ашық әрі әділ шешілуіне ықпал етеді.

Қорыта айтар болсақ, Алматы қоғамдық кеңесі қоғам мен жергілікті әкімдік арасындағы диалог алаңы ретінде маңызды рөл атқарады. Оның қызметі қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына оң ықпал етеді. Кеңестің жұмысына қатысты толық ақпарат пен жоспарланған іс-шаралар туралы мәліметті Алматы қоғамдық кеңесінің  ресми сайтынан, сол сияқты желідегі парақшаларынан білуге болады.

Серіктес жаңалықтары