$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.09.2024, 10:09
Қоғам

Қазақстанның бастамасымен Әзербайжанда салынған орталықта қазір қанша бала білім алып жүр?

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Әзербайжанға сапарында шығармашылық орталық салу туралы Ильхам Әлиевке ұсыныс жасаған

Қазақстанның бастамасымен Әзербайжанда салынған орталықта қазір қанша бала білім алып жүр?
Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әзербайжан жерінде салынған балаларға арналған орталықта қазір қандай шаруалар іске асып жатыр? Azattyq Rýhy Физули аймағында салынған шығармашылық орталықтың жұмысы туралы жазды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесуінде қазақ халқының дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы балаларға арналған шығармашылық орталық салып беру туралы ұсыныс жасаған. Әзербайжан тарапы бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдады.

Бұл жұмыс Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен сәтті түрде жүзеге асты. Қазіргі уақытта аталмыш орталықта жергілікті балалар шығармашылық қабілетін дамытып, білім алып жүр.

«Құрманғазы атындағы орталық оккупациядан босатылған аймақтарда көркемдік білім беру бойынша жұмысын бастаған алғашқы оқу орны ретінде ерекше мәнге ие. Бакуден, сол сияқты басқа да аймақтардан туған жеріне оралып, қайта көшіп келген Физули тұрғындарының балаларына арналған «Ұлы оралу» бағдарламасы аясында жаңа оқу жылында фортепиано, канун, аккордеон, таре, скрипка секілді аспаптарда ойнау мен би сабақтары өтеді. Қазіргі таңда оқуға жалпы саны 24 оқушы қабылданды.

Орталықта бес білікті маман өнердің қыр-сырын үйретіп, өскелең ұрпаққа жол сілтейді: Фамиль Мамедли (аккордеон), Сама Танрывердиева (таре), Айсу Годжазаде (кескіндеме өнері), Нигяр Абдуллазаде (фортепиано) және Али Хазизаде (халық ән өнері).

«Физулидегі Құрманғазы атындағы шығармашылық орталық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін ашып, өнер саласында білім алуына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, талантты жастардың әлеуетін ашуына мүмкіндік береді. Болашақта, Физулиге басқа тұрғындар оралған кезде, оқушылар саны қазіргіден де көбейеді деп күтіліп отыр», – делінген Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің ресми мәлімдемесінде.

Серіктес жаңалықтары