Шерзаттың өлімінен кейін аты атала бастаған Хасан Қасымбаев ұсталды – ресми ақпарат
Ол үш жыл бұрын жасалған қылмыс үшін күдікке ілінген
Ел арасында «Хуторские» қылмыстық тобының лидері делінген Хасан Қасымбаев ұсталды. Бұл ақпаратты Алматы облысының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2021 жылғы маусымда А. есімді азаматты ұрлап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен бес азамат ұсталған. Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен бесеуі де сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Осы қылмысқа Хасан Қасымбаевтың да қатысы бар болып шықты.
«Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылғы 2 қарашада Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жолданды», - делінген хабарламада.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Естеріңізге салайық, 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасынан кейін әлеуметтік желіде Талғарда «Хуторские» ұйымдасқан қылмыстық тобы бар екені, оның лидері Хасан Қасымбаев екені туралы қауесет тарай бастады. Алайда Ішкі істер министрлігі Қасымбаевтың күдіктілермен байланысы анықталмағанын, «Хуторские» деген банда да жоқ екенін мәлімдеген.
Хасан Қасымбаевтың өзі де бейнеүндеу жариялап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған еді.