Қазақстан тікелей инвестиция тартудан Еуразия кеңістігінде көшбасшы - Еуразиялық даму банкінің төрағасы

Темірхан Айжан

Ол Аягөз – Бақты теміржол желісінің жобасының қай кезеңге келгенін мәлімдеді 

Қазақстан тікелей инвестиция тартудан Еуразия кеңістігінде көшбасшы - Еуразиялық даму банкінің төрағасы
Фото: EABR

Еуразиялық даму банкі Қазақстанға 3 жыл қатарынан 1 миллиард доллардан астам инвестиция құйып келеді. Бұл туралы банктің басқарма төрағасы Николай Подгузовтың айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан Еуразиялық даму банкінің негізгі акционерлерінің бірі, әрі құрылтайшысы. Біздің штаб-пәтеріміз Алматыда орналасқан, сондықтан біз, бәрінен бұрын Қазақстан Республикасына инвестиция тартуға мүдделіміз. Қазақстан биыл да, өткен жылдары да жекеменшік инвестицияларды тарту бойынша Еуразия кеңістігінде көшбасшы болып отыр. Еуразиялық даму банкі көлік инфрақұрылымына, логистикаға, энергетикаға, жаңартылатын энергетика көздеріне және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне белсенді түрде инвестиция салады. Бұл - банк стратегиясының негізгі бағыттары. Өткен жылы біз Қазақстан Республикасының экономикасына 1 миллиард доллардан астам инвестиция құйған едік. Осы сомада үшінші жыл қатарынан елдің экономикасына инвестиция салынды. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлардың назарын өнеркәсіпті дамытуға, индустриялық секторға аударды. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз», - деді ол.

Николай Подгузов Қазақстан мен Еуразиялық даму банкімен біріккен жобаларға тоқталды.

«Қазір Аягөз-Бақты теміржол желісінің жобасы, бутадиен-каучук шығаратын зауыттың бірнеше мұнай-химия кешенін, Алматы маңындағы логистикалық кешенді, бірнеше күн және жел паркін құру. Бізде жобалардың кең ауқымы бар. Газ инфрақұрылымы бойынша жоба «Интергаз Орталық Азия», Каспий маңы маршруттарын дамыту сияқты жобаларды өте белсенді іске асырып жатырмыз. Қазір Аягөз-Бақты теміржол желісінің жобасы ТЭН кезеңінде. Жоба өте ауқымды, менің ойымша, біздің жобаға қатысуымыз кем дегенде бірнеше жүз миллион доллар болады. Ал жобаның өзі сол синдикат негізінде қалыптасады», - дейді ол.

Николай Подгузовтың сөзінше, Қазақстан Еуропа мен Азияның ортасындағы орналасқан транспорттық қаңқа қызметін атқарып тұр.

«Осы ретте Қазақстанның белсенді экономикалық дамуына мүмкіндік жоғары. Аягөз-Бақты теміржол желісі Қазақстан үшін өте тиімді жоба және маршрут, жалпы алғанда, тиімді тәсіл», - дейді Еуразиялық даму банкінің төрағасы Николай Подгузов.

Еске салсақ, бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-отырысы өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.