$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бас би атанып, ақыл айтып жүргендер де бар – депутат билер ұйымдарын тексеруді талап етті

Болат Керімбек билер ұйымдарына құқықтық баға берілуі керек дейді

Бас би атанып, ақыл айтып жүргендер де бар – депутат билер ұйымдарын тексеруді талап етті
Фото: parlam.kz

Кемеңгер Абай кезінде аузымен орақ орған пысықайларға қарата «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, құртқан жоқ па елдің сиқын» деп оларды қатаң сынаған еді. Өкінішке қарай, соңғы кезде елімізде осындай өзін-өзі сайлап алған жалған «билер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп, көбейіп кетті. Осылай деген Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек билер институтына кір келтіріп жүргендердің әрекетін бақылауға алу керек деп есептейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақ билері», «Қазақ билер алқасы» секілді атаулармен құрылған түрлі рулық-жүздік қоғамдық ұйымдар қаптады. Тіпті, ресми тіркелмей-ақ өз алдына оңаша отау құрып, би болып жүргендер де жетерлік. Бұдан бөлек, ат төбеліндей аз ғана топтың қолдап-қолпаштауымен «Бас би» атанып, асатаяқ ұстап, ақыл айтып, шешім шығарып жүргендер де бар. Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты – атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады. Би дегенде қазақтың ойына ең алдымен ақылы асқан әйгілі Төле би, Қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би, шешен де көсем Әйтеке би, топтан озған Толыбай би секілді таңдаулы тұлғалар келетін еді. Атам заманнан қалған билер институты бұл бүгінгі сот билігі», - деді ол.

Депутаттың сөзінше, қазіргі қаптаған билер осы қастерлі атақ, абыройлы тәрбиенің қадірін кетіріп, құнын түсіруде. Сондықтан осы билер ұйымдарының жұмысын жіті тексеретін уақыт келді.

«Біз нақты құрылымдалған сот жүйесі бар, әрбір азаматы алқабилер мен халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық қорғау құқығына ие елде өмір сүріп жатырмыз. Ал билер келіп, сол қалыптасқан норманы бұзбақшы ма?! Олай болмаса, олардың көздегені не, мақсаты не? Неге өздерін өздері би сайлап алған? Кім оларға мұндай өкілеттік берген?! Әрбір өңірде жергілікті әкімдік пен Мәслихаттар, сот билігі мен құқық-қорғау органдары бар, ақсақалдар мен қоғамдық кеңестер заң аясында қызмет етуде. Туындаған мәселелені шешетін де, көтеретін де осы заңды ұйымдар мен мекемелер. Яғни заң мен тәртіп концепциясын іске асыратын билік тармақтары бізде нақты айқындалған. Біз тарихи жадымыздың маңызды екенін түсінеміз, бірақ болашағымыз жарқын болу үшін кеше мен бүгінді шатастырып алмауымыз керек. Осы ретте, Президентіміз айтқандай: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. ...Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» – деген сөздерін басшылыққа алуымыз қажет», - деді депутат.

Болат Керімбек өздерін би сайлап, мәселелерге пәтуа шығарып жүрген түрлі адамдардың әрекетіне нақты құқықтық баға берілуі тиіс екенін айтты.

«Біз тек заң үстемдік етіп, тәртіп билейтін қоғамда өмір сүруіміз қажет. Осы ретте, Әділет министрлігі, Бас Прокуратура еліміздегі қазіргі түрлі «билер» атын жамылған ұйымдардын жұмысына тексеру жүргізіп, олардың қызметінің заңға сәйкестігін пысықтауы керек», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары