$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Егемендігімізді алған жылдан бері еш шешілмей келеді – депутат Түркістан облысы диқандарының зарын жеткізді

Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылым бар, 70 мыңға жуық адам осы мақта арқылы күн көріп отыр

Егемендігімізді алған жылдан бері еш шешілмей келеді – депутат Түркістан облысы диқандарының зарын жеткізді
Фото: istockphoto.com

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облысының мақта шаруашылығымен айналысатын диқандардың жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселесін көтерді, деп хабаралайды Azattyq Rýhy.

«Елімізде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспортқа тәуелді болуда. Сол себепті, Түркістан өңірінде мақта бағасының тұрақсыздығы егемендігімізді алған жылдан бері еш шешілмей келеді. Бұл мәселе бойынша дихандар Үкімет үйіне, Парламент қабырғасына, Ауыл шаруашылығы министрлігіне талай рет барды, алайда мәселенің шешімі табылар емес. Бүгінгі таңда биржа индексі 84,5 бірлікті құрап отыр, теңге бағасына шаққанда тоннасы 238 мың теңгені құрайды. Мақта нарығына шетелдік компаниялардың (трейдерлік) қызығушылықтарының төмендігінен, шитті мақтаны қабылдау бағасы биыл тоннасына 150 – 190 мың теңгеге болжамдалған», - деді ол.

Депутат басқа мемлекеттерде өндірілген өнімнің сатылым бағасындағы шығынның айырмашылығы мемлекет есебінен төленіп отырғанын тілге тиек етті.

«Осы тәжірибені біздің мемлекетімізде мақта дақылын өсіріп жинаумен айналысатын шаруаларға енгізіп, мақтаға жұмсалған шығынды мақта бағасындағы айырмашылығын мемлекет есебінен төлеп отыруды қолданысқа енгізу қажет деп санаймын. Сонымен қатар, Түркістан өңірінде мақта өңдеу зауыттары өндірістік шығындарды төмендетіп, өнімді сатып алу құнын ұлғайту бойынша мақта өңдеу зауыттарына (ОКЭД 13 101) электр энергиясын көтерме бағада сату жөнінде өз ұсыныстарын білдіруде. Мақта зауыттары алдыңғы жылдары 1 квт. пайдаланылған электр энергиясына – 27 теңге төлесе, 2024 жылдан бастап 1 квт. – 37 теңге төлеп отыр. Көтерме бағаны пайдалану үшін орташа тәуліктік (базалық) қуаттың кемінде 1 МВт көлемін тұтыну керек. Алайда, облыстағы мақта өңдеу зауыттары мұндай көлемде электр энергиясын пайдаланбағандықтан, аталған жеңілдікті пайдалану мүмкіндіктері жоқ», - деді ол.

 Темір Қырықбаев 1 МВТ шектік норманы 0,5 МВТ дейін төмендету қажет екенін айтты.

«Тағы айта кететін жайт, Түркістан облысында қауын-қарбыз, қырыққабат егіншілігімен айналысатын шаруалар осы егуге жұмсалған шығындарды өтей алмай жүр. Осы және мақта мәселесін тез арада шешпесек, диқандардың күнкөріс деңгейі төмендеп кетуі әбден мүмкін, ал бұл өз кезегінде жақсылыққа апармайтыны анық», - деп алаңдаушылық білдірді депутат.

Серіктес жаңалықтары