Атырау облысында жасөспірімді абайсызда өлтірген полицей сотталды

Azattyq Rýhy

Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады

Атырау облысында жасөспірімді абайсызда өлтірген полицей сотталды
Фото: freepik.com

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыпталғанға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотпен анықталғандай, Қызылқоға ауданы Полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы қызметтік автокөлікпен әріптесі екеуі патрульдік қызметтерін атқару барысында жасы кәмелетке толмағанның басқаруындағы мотоциклдің артында жасы кәмелетке толмаған екі жолаушы бар күйде жүргенін анықтап, дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда, жасы кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырған.

«Сотталушы оны қудалап келе жатқанда, жасы кәмелетке толмаған Жол жүрісі қағидаларын бұзушы қара жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған. Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын қолданбай, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, жасы кәмелетке толмағанды қағып кеткен, нәтижесінде ол оқиға орнында есін жимастан қаза болған», - делінген хабарламада.

Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші өкілі заңға сай жаза қолдануды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін мойындады.

«Сотталушының шын жүректен өкінуі, асырауында жасы кәмелетке толмаған балаларының болуы, бұрын сотталмағаны - жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.