$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.10.2024, 12:42
Қоғам

Жетісудың жастар ұйымы Қанат Тілеуханның кездесуін есепке алмай, басқа шара өткізетін болды

Қоғамдық бірлестік жазушыны кездесудің тақырыбынан хабардар етпегенін мойындады

Жетісудың жастар ұйымы Қанат Тілеуханның кездесуін есепке алмай, басқа шара өткізетін болды
Фото: instagram.com/qanat_tileuhan/

«Жетісу облысының жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі TEDx форматында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы болашақ» тақырыбында ұйымдастырған кездесуде жазушы Қанат Тілеуханға қатысты болған келеңсіз жайтқа ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, TEDx форматындағы іс-шараны Жетісу облысының жастар ұйымы ұйымдастырған. Жастар ұйымы мен Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы 2024 жылғы 29 мамырда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған жобаны ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан.

«Техникалық ерекшелікке сәйкес, біз жыл соңына дейін кемінде 21 іс-шара өткізуді және ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ал 17 қазан күні басқармамен (қоғамдық даму – ред.) TEDx форматындағы іс-шара мен оның бағдарламасы келісілді. Шараға спикер ретінде Қанат Тілеухан шақырылған. Алайда алдын ала келіссөз барысында біз спикерге іс-шара «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында өтетінін хабарлаған жоқпыз және ол кісімен бұл тақырыпты келіскен жоқпыз», - деп түсіндірді қоғамдық бірлестік.

21 қазан, яғни іс-шара өтетін күні жастар ұйымы шараға келетін көрермендер санын толық қамтамасыз ете алмаған. Олардың есебінше кемінде 100 адам қатысуы керек болатын. Алайда кездесуге ешкім келмеген, спикер де күте-күте шаршап кетіп қалған. Өтпей қалған іс-шараның шығындарын қоғамдық бірлестік өз мойнына алған.

Дегенмен облыстық жастар ұйымы бұл кездесуді тағы да өткізуді жоспарлап отыр.

«Бұл іс-шара есепке алынбайды және қайта өтеді», - деп мәлімдеді олар.

Ал Қанат Тілеуханның шотына аударған 50 мың теңге жазушының жол шығындары үшін берілген еді, деп ақталды қоғамдық бірлестік.

Бұған дейін Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы мен жергілікті Антикор жазушы, журналист Қанат Тілеуханды кездесуге шақырып, оны «отчет» үшін видеоға түсіріп алмақ болғанын жазған едік. Тілеуханның айтуынша, кездесуден кетіп бара жатқанда оның шотына 50 мың теңге түскен. Артынша, Дана есімді қыз қоңырау шалып, келеңсіз жағдай үшін кешірім сұраған. Бірақ жазушы ақшаны қайтадан өздеріне аударыпты.

Серіктес жаңалықтары