Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге берілген көппәтерлі үйде әлі күнге дейін жылу мен ыстық су жоқ
Тұрғындар пәтерлерде ылғал пайда болғанын, балалардың ауруға шалдығып, жөтеліп жүргенін айтты

Су тасқынынан зардап шегіп, жаңа баспанаға қоныстанған оралдық тұрғындар үйдің сапасына қатысты шағымдарын түсіре бастады. Көппәтерлі үй Орақбаев көшесі 1В мекенжайында орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, олар жаңа үйге 2024 жылдың 17 қыркүйегінде қоныстанған. Екі апта ішінде газ бен жылу қосылады деп уәде етілгенімен, әлі күнге дейін бұл уәделер орындалмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мой город сайтына сілтеме жасап.
Жиналған тұрғындар пәтерлердің іші суық екенін айтып шағымданды. Балалары үйдің ішінде қалың киім киіп жүруге мәжбүр. Олар тек электрлі жылытқыштармен амалдап отыр, оны бір минутқа да өшіре алмайды.
«Біз қоныстанғаннан кейін екі апта ішінде газ, жылу және ыстық су қосылады деп уәде берген болатын. Әлі күнге дейін ештеңе қосылмаған. Әкімдікке жүгіндік, олар бізді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа (ТКШ) жіберді. ТКШ біздің үйдің олардың балансында емес екенін айтып, бізді құрылысшыға бағыттады. Құрылысшы күн сайын ертең қосылады деп уәде береді. Бізге үйімізге газ басқа үйлердікінен бұрын қосылады деген еді, бірақ 70% пәтерлердің иелері қоныстанғанша күтіңдер деп отыр. Бәріміздің 3-4 баламыз бар. Менің қызым небәрі бір айлық. Ол орамалға оралып жатыр. Әр бөлмеде жылытқыш бар. Егер солай болса, бізге жылуға кететін шығындарды өтеп берсін. Әр отбасы 30-40 мың теңге шамасында шығындалып отыр. Бұл үйде 59 отбасы тұрады, бәрі су тасқынынан зардап шеккендерге берілген», - деді тұрғындардың бірі.
Тұрғындар пәтерлерде ылғал пайда болғанын, балалардың ауруға шалдығып, жөтеліп жүргенін айтты. Қазіргі кезде жаңа үйде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр: кіреберістердің жапқыштары орнатылуда, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев брифингте бұл жағдайға түсініктеме берді. Оның айтуынша, үй коммерциялық нысан болып табылады және пәтерлердің бір бөлігін су тасқынынан зардап шеккендерге сатып алған. Үйдің құрылысшысы — «СВС Батыс» ЖШС.
«Үйдің жартысы қоныстанды, ал қалған жартысы әлі бос, себебі пәтерлер сатылмаған. Бұл пәтерлерде қазандықтар жоқ, сол себепті "QazaqGaz Aimaq" компаниясы газды қосудан бас тартып отыр, себебі бұл адамдардың өміріне қауіпті. Біз басшылықпен сөйлесіп, бұл мәселені жақын арада шешеміз», - деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.