$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2024, 16:44
Қоғам

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету: Ақмола облысы адам саудасымен қалай күресіп жатыр

Ақмола облысы әкімдігінің жанында адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудасына қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi арнайы комиссия бірнеше жылдан бері жұмыс істейді

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету: Ақмола облысы адам саудасымен қалай күресіп жатыр
Фото: freepik.com

Адам саудасы – қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Күнделікті өмірде адамдардың құқықтары мен бостандығын бұзатын бұл проблема әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларға теріс әсерін тигізуде. Әдетте көбінесе жыныстық эксплуатация, еңбек эксплуатациясы және балаларды саудалау түрінде көрінеді. Бұл мәселенің алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі – халықты, әсіресе жастарды, осы проблеманың қауіптілігі туралы ақпараттандыру. Адам саудасының алдын алу үшін Ақмола облысында ауқымды шаралар жүзеге асып жатыр. Сонымен өңірде адам ұрлау, адам саудасы мәселесін жою үшін қандай шаралап қабылданып жатыр? Azattyq Rýhy материалынан оқи аласыз.

Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде де адам саудасының көп таралған бірнеше түрі бар. Олар:

  • еңбек құлдығы. Адамдарды мәжбүрлеп жұмыс істету. Әдетте бұл ауылды жерлерде жиі кездеседі. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда 30 жыл құлдықта болған Ресей азаматы құтқарылған. Полицейлердің көмегімен оның құқығы орнатылып, еліне қайтарылған.
  • жыныстық эксплуатация: Жезөкшелік пен жыныстық қызметтер көрсетуге мәжбүрлеу. Жуырда елді дүр сілкінткен Қызылорда облысындағы жағдай осыған дәлел. 16 жастағы мектеп оқушысын сыныптастары, ата-анасы зорлықпен жыныстық құлдықта ұстағаны анықталып, күдіктілер ұсталғаны хабарланған.
  • балаларды сату: Балаларды отбасынан айыру немесе сатылу. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті 2020 жылы 1200 адам жоғалып кеткені, оның ішінде 22 бала бар екенін хабарлаған. Із-түзсіз жоғалып кеткен балалардың арамниетті адамдардың қолына түсіп, құлдыққа ұшырайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Дүниежүзі бойынша қазіргі замандағы, сол сияқты бүгінге дейінгі арғы-бергі заманға көз жүгіртсек, адам саудасының бірнеше себебін байқауға болады. Осы орайда ойымызға алғаш оралған бірнеше нұсқасын қозғап көрейік. Олар:

  • кедейшілік. Экономикалық жағдайдың нашарлығы адамдарды оңай алдануға немесе жалақысы аз жұмысқа жегіліп жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
  • білімнің жоқтығы. Адамдар құқықтары мен мүмкіндіктері туралы хабардар болмағандықтан, алаяқтардың құрығына тез түсіп, құлдықтың қамытын киюге мәжбүр болады.
  • саяси тұрақсыздық. Соғыс және қақтығыс жағдайларында адамдардың босқын болып, басқа елге көшу уақыты адам саудасына жол ашады.
  • гендерлік теңсіздік: Әйелдер мен балалардың құқықтары жиі бұзылады, бұл оларды жәбірлеуге және саудалауға алып келеді.

Міне, осыған ұқсас проблемалардың алдын алып немесе жоғалып кеткендердің табылуына жәрдемдесу үшін Ақмола облысында, сол сияқты облысқа қарасты Қосшы қаласында адам саудасымен күрес жұмыстарын құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар бірігіп жүргізуде. Бұл бағытта заңсыз еңбек миграциясын болдырмау, адам саудасына қарсы заңнаманы түсіндіру және профилактикалық шаралар ұйымдастыру басты назарда. Қалада арнайы рейдтер мен тексерулер өткізіліп, осындай қылмыстарға қатысты ақпараттарды халыққа жеткізу мақсатында ақпараттық науқандар жүргізіледі. Сонымен қатар, адам саудасының құрбандарына психологиялық және заңдық көмек көрсету үшін әлеуметтік қызметтер мен дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Қосшы қаласының құқық қорғау органдары, сондай-ақ, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, адам саудасымен күресті күшейтіп, осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында ақпараттық және білім беру іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп тұрады.

Сонымен қатар, жалпы облыс аумағында да мемлекеттік органдар, құқық қорғау ұйымдары, қоғам бірлесе отырып, адам саудасына қарсы белсенді күрес жүргізіп жатыр. Мәселен, Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудасына қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi арнайы комиссия бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Өңір әкімінің 2019 жылғы 4 сәуiрдегi №А-4/145 қаулысымен комиссияның арнайы ережесі бекітілген.

Комиссияның негізгі міндеттері де атып айтып тұрғандай адам саудасының алдын алу мәселесіне негізделген. Нақтырақ айтар болсақ:

Құрбан болған адамдарды сату, сол сияқты заңсыз әкету, әкелу, сондай-ақ адам саудасына ұшыраған жандарға көмек көрсету мәселелері бойынша қазіргі жағдайды талдау.

Мынандай бағыттар бойынша:

  • Адамдарды заңсыз әкету, әкелу және сату бойынша күрес шараларын ұйымдастыру және адам саудасының құрбандарына қолдау көрсету;
  • Адам саудасының жағдайы мен осы құбылыстың қауіптілігі туралы жергілікті тұрғындарды ақпараттандыру, құқық қорғау шаралары мен көмек алу мүмкіндіктерін түсіндіру;
  • Адам саудасының алдын алу және қылмыс жасаған қылмыскерлердің жолын кесу, сондай-ақ құрбандарды қорғау мен оларға көмек көрсету бойынша қабылданған халықаралық құқықтық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;
  • Адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, жоюға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыруға арналған ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу.

Жоғарыда айтылған міндеттерді толығымен заң жүзінде іске асыру үшін Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудасына қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi арнайы комиссиясына бірқатар құқық берілген. Комиссияның құқықтарына көз жүгіртіп шығайық:

Ақпарат пен материалдар сұрату: Өз қызметін тиімді атқару үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпарат пен материалдарды талап етуге құқылы. Бұл деректер адам саудасының алдын алу және құрбандарға көмек көрсету үшін аса маңызды.

Есептерді қарау: Заңсыз әкету, әкелу және сату мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың атқарған жұмыстарын тыңдап, олардың қызметін жетілдіруге арналған ұсыныстар жасау қажет. Бұл процесс тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Сарапшыларды тарту: Адам саудасына қарсы әрекеттерде тәуелсіз сарапшылар мен мамандарды шақыру – мәселені жан-жақты түсінуге және практикалық шешімдер ұсынуға көмектеседі.

Ынтымақтастық: Мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен ақпарат құралдармен ынтымақтастықты нығайту адам саудасына қарсы шаралардың тиімділігін арттырады. Бірлесе отырып әрекет ету мен ақпарат алмасу бұл мәселені шешуге ықпал етеді.

Бағдарламалар мен жоспарлар әзірлеу: Заңсыз әкету, әкелу және сату мәселелері бойынша тиісті бағдарламалар мен стратегияларды әзірлеуге ұсыныстар енгізу – бұл шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін маңызды.

Бұдан бөлек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірлік сотта жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кездесуінде адамның құқығы мен бостандығы мәселесінде сөз қозғаған болатын.

«Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды құқықтық реттеу – кез келген демократиялық мемлекеттің ұраны. Сондықтан Президент сот жүйесін жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. Судьялардың алдына азаматтардың сот арқылы қорғалуының конституциялық құқығын іске асыруды қамтамасыз ету міндеттері қойылған. Облыс соттарының жетістіктерінің артында судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен жемісті жұмысы тұр», – деді өңір әкімі М. Ахметжанов өз сөзінде.

Жиында сол сияқты адам саудасы, бостандығының шектелуінің алдын алу жолындағы судьялардың орны ерекше айтылып өтті.

Адам бостандығы – жеке тұлғаның құқықтары мен еркіндіктерін білдіретін, қоғамның дамуына және азаматтардың толыққанды өмір сүруіне негіз болатын маңызды ұғым. Бостандығы бар адам өз пікірін білдіруге, таңдауға, жұмыс істеуге, білім алуға және өз өмірін өзі басқаруға құқылы.

Адам саудасы – заманауи құлдықтың ең қатыгез формаларының бірі, ол әлемнің көптеген елдерінде кең таралған. Бұл проблема экономикалық, әлеуметтік және құқықтық аспектілерді қамтиды.

Қазақстан Республикасының заңнамасында адам саудасына қарсы күреске бағытталған бірқатар шаралар қабылданған. Ақмола облысында құқық қорғау органдары адам саудасымен күресуді күшейтіп, профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Нақтырақ тоқталып өтер болсақ, жуырда облыс аумағында Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай, полиция қызметкерлері мен «Шанс» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау орталығының психологтары, Ақмола облысының жастар ресурстық орталығының өкілдері халықты адам саудасымен күресу жолдары туралы ақпараттандыру мақсатында үгіт-насихат іс-шарасын өткізді.

Акция орталық саябақта, сауда орталықтарында, теміржол және автовокзалдарда ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері қала тұрғындарына адам саудасының құрбаны болмау туралы кеңестер беріп, қиын жағдайға тап болған адамдарға жүгіну керек мекен-жайларды хабарлады.

Тұрғындарға тәуекелдер туралы мәліметтерді қамтитын брошюралар мен көрнекі ақпараттар таратылды, сонымен қатар «жедел желі» телефон нөмірлері жарияланды.

Айта кетейік, биыл 5 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңға қол қойған болатын. Бұл заңда адам саудасы, адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату және жезөкшелікпен айналысуға тарту сияқты қылмыстарға қарсы қылмыстық жазалар қарастырылған.

Ерекше атап өтерлігі, ҚР ӘҚБтК жаңа 135-1-баппен толықтырылды. Онда «Лауазымды адамдардың жаңа туған нәрестені тастап кету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау және жеткізу фактілері туралы хабарламауы» мәселесі ерекше айтылып, адам саудасына неғұрлым жиі ұшырайтын балалардың қауіпсіздігі толықтай ескерілген.

Бұдан бөлек, «кәмелетке толмаған адамнан жезөкшелік қызметтерін немесе жыныстық сипаттағы қызметтерді» алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік мәселесі қарастырылды. Заң кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы қызметтер көрсетуге тартуды, оның ішінде үгіт-насихат немесе жарнама арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді.

Қазақстан Республикасының қолданысындағы Қылмыстық кодексте адам саудасы былайша сипатталады: «Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты басқа мәмілелер жасау, сондай-ақ оны қанау, азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу және қанау мақсатындағы басқа әрекеттер». Бұл заңсыз әрекеттердің жауапкершілігі 128-бапта айтылған.

Адам саудасымен айналысатындардың мақсаты – сатудан немесе адамды пайдалану арқылы пайда табу. Мұндай ауыр әрекеттерге қолданылатын жаза Қылмыстық кодекс бойынша ауырлық деңгейіне байланысты төрт жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды және белгілі жағдайларда мүлікті тәркілеуді көздейді.

Көп жағдайда адам саудасы астыртын түрде жүзеге асырылады, оның жолын кесу мен қылмыстың бетін ашу қиындық туғызады. Мұндай әрекеттер құрбандарға психологиялық және физикалық зиян келтіреді, ал зардап шеккендер көбінесе көмек сұраудан жасқанады.

Барша азамат адам саудасының қауіптілігі туралы хабардар болып, егер ол біреудің жәбірленуші болғанына күмәнданса, жәбірленушінің көмек сұрағанын күтпей, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуы керек.

Сөз соңында айта кетерлігі, адам саудасына қарсы күрес – бұл мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ әр азаматтың ортақ міндеті. Жоғарыда аталған шараларды қолданып, іске асыру арқылы адам саудасының алдын алуға және оның құрбандарына дер кезінде көмек көрсетуге болады.

Серіктес жаңалықтары