«Құрғақ уәдеден шаршадық»: Ақтау тұрғындары құрылыс компаниясының сапасыз жұмысына шағымданды
Азаматтар әкімге бейнеүндеу жолдады
32В шағын ауданындағы «Qazyna House» тұрғын үй кешенінің тұрғындары облыс әкіміне үндеу жасап, өздерінің проблемаларын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, тұрғын үй кешенінің құрылысы 2021 жылы басталған. Құрылыс компаниясы «Asqar Towers» ЖШС нысанды 2023 жылдың мамыр айында пайдалануға беруге тиіс болған. Алайда тұрғындардың сөзінше, жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Лифт орнатылмаған, асфальт төселмеген, уәде етілген балалар алаңы жоқ. Тұрғындар қоқыс контейнерлерінің болмауына да наразы.
Қазіргі уақытта үйде шамамен 100 пәтер пайдалануға берілген. Ең басты мәселе – үйде жылудың жоқтығы. Үйге қазандық орнатылмаған. Тұрғындар, әсіресе, кішкентай балалардың, қарт адамдар мен мүгедектердің денсаулығына алаңдайды.
Тұрғындар «Asqar Towers» ЖШС басшылығы, оның ішінде Батыр Дүйсенбаевқа бірнеше рет жүгінген, алайда ол азаматтарды бір жарым жыл бойы тек «уәдемен асырап келеді» дейді.
Тұрғындар Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан бұл мәселеге назар аударуды сұрайды.