Зорлық-зомбылықтың себебі мен салдары: отбасылық мәдениетті жаңғыртудың жолдары қандай
Соңғы бес жылда елімізде полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша хабарласатындар көрсеткіші үш есе көбейген
Отбасылық зорлық-зомбылық – бүгінгі қоғамдағы өткір мәселелердің бірі болып отыр. Ерінің әйелін соққыға жығуы қалыпты жағдайға айналып қана қоймай, одан мүгедек болып қалу немесе тіл тартпай кету жиіледі. Оған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі мысал болмақ. Мемлекет тарапынан осы қиындықтың алдын алу үшін түрлі шаралар қабылданып жатыр. Жуырда заң да күшейіп, отбасылық агрессорларға қолданылатын жаза түрлері ауырлады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың күшеюіне не себеп? Психолог мамандар бұл жөнінде не дейді? Ал осы мәселеде Ақмола облысында қандай шаралар қабылданып жатыр? Azattyq Rýhy осы мәселеге тоқталып өтті.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті өткен жылы адам шошырлық ақпарат жариялап, жұртты алаң күйге салған еді. Ведомствоның мәліметінше, соңғы бес жылдықта полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша хабарласатындар көрсеткіші үш есе көбейген көрінеді. Бірақ жаза үй тирандарының бәріне бірдей қолданылмайды. Оған полиция қауқарсыз еді. Себебі, арызданғандардың 60 пайызына жуығы берген арыздарын қайтып алып, райынан қайтады. Міне осыған байланысты бұған дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес мұндай «үй тирандарына» арыз болмаса шара қолданылмайтын. Ал әйелін төмпештеу үйреніп алғандар уақыт өте келе әдетіне қайта басатын. Мәселен, 2023 жылдың тек қана қаңтар айында 18 адам зорлық-зомбылықтан көз жұмған.
«ЖІГІТІМДІ ҮЙЛЕНГЕН СОҢ ӨЗГЕРТІП АЛАМЫН»
Осы орайда әңгімеге тартқан психолог Жасұлан Сейітқалиевтің айтуынша отбасындағы зорлық-зомбылық бірден болмайды. Ол ақырындап, кішкентай дүниелерден бастау алады.
«Отбасылық зорлық-зомбылық қазіргі таңда өте маңызды және күрделі мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Оның себептері неде болуы мүмкін? Сараптап қарайтын болсақ, бұл әдетте отбасындағы проблемалардың жылдар бойы жиналып, шиеленісуінен туындайды. Тату-тәтті ерлі-зайыпты кенеттен ажырасып кетпейді. Бір-бірімен ашық сөйлеспеу, эмоцияларын жеткізе алмау сияқты ұсақ мәселелерден басталады. Адамның эмоциялық интеллекті бар, ол стрессті, агрессияны, қорқынышты басқаруға көмектеседі. Ал осы сезімдерді басқармаудың себептеріне назар аударайық. Отбасылық қарым-қатынасты, ер мен әйелдің байланысын сырттан қалай қабылдайтыны, кітаптарда қалай көрсетілгені бойынша ғана қабылдайтын адамдар да бар. Ер адам бастапқыда жұбайына қол көтермес бұрын, оған әртүрлі шектеулер енгізеді. Мысалы, төрт жыл бойы жоғары оқу орнында білім алған әйелінің жұмыс істеуіне тыйым салады. Ақылдасып, ортақ шешім қабылдаудың орнына, бәрін өз бетінше шешеді. Әйелі алғашқыда бұған көнеді. Кейінгі шектеулеріне де бас изейді. Үшінші, төртінші шектеу де осылай жалғасады. Әйел күйеуінің қойған шектеулеріне рұқсат беріп отыр. Яғни, жеке шекарасына рұқсатсыз, өзінің келісімінсіз өтуіне жол беруде. Уақыт өте келе, бір күні күйеуі қатты сөйлесуге көшеді, ақырында қол көтеруге дейін барады. Әйел адам күйеуінің орынсыз, өзінің келісімінсіз қойған шектеулеріне уақытында «жоқ» деп айтуы керек. Әйел – нәзік жаратылыс иесі, ал оның еркекке тән қасиеттерін көрсетуге келетін сәті – жеке шекарасына өтуіне және қол көтеруіне қарсы тұратын уақыты», - дейді психолог.
Маман сөзін жалғай отырып, ерлі-зайыпты қыз бен жігіт болып, қол ұстасып жүрген шағында-ақ бір-біріне қаншалықты келетінін ойлауы маңызды екенін ерекше атап өтті.
«Әдетте, үйленген жастар көңіліміз жараспаса, болашақта ажыраса саламыз ешқашан ойламайды. Алайда, кейбіреулер отбасылық өмірді текақ көйлек киіп, үйлене салу, салтанатты той өткізу және құдалық сияқты жақтарымен ғана елестетеді. Бірақ үйлену – бұл бақытты өмір сүрудің тек бастамасы ғана. Отбасылық өмірде түрлі кедергілер, қарым-қатынастағы қиындықтар мен түсініспеушіліктер туындайды. Ол кез келген отбасыда болатын жағдай. Кейде адамдар мұны ескермей, тек сыртқы көрінісіне ғана назар аударады. Бұл екі адамның бірге өмір бастауына кедергі емес, алайда қиындықтарды жеңу жолдарын алдын ала қарастырған жөн. Кейде әйелдер тұрмысқа шықпас бұрын жігітінің кемшіліктерін байқағанмен, үйленген соң өзгертіп аламын деп ойлайды. Алайда, отбасы құрғаннан кейін ер адам өзгермейді және әйелдің ойлағанындай болмайды. Мұндай жағдайда не істеу керек? Шын мәнінде, біреуді өзгертуге тырыспаудың маңызы зор. Өз дамуыңмен қатар, серігіңді де қолдап, бірге үйлесімді өмір сүру керек», – деді маман.
Психолог маман сөзін жалғай отырып, отбасылық зорлық-зомбылықтың басы отбасылық дағдарыстан басталатынын қозғап өтті.
«Ерлі-зайыптылар ұрысқан кезде бір-біріне ауыр сөздер айтып, өзара маңыздылығын ұмытып кетеді. Мұндай ауыр сөздер екі адамның бірге өткерген қиындықтарын жоқ қылып жібереді. Ата-ананың бір-біріне айқайлаған дауыстары, ауыр сөздері балаларына әсер етеді, бұл отбасындағы дағдарысқа алып келеді. Мұндай жағдайда адамдар не істеуі керек? Психолог ретінде айтарым, ер мен әйел өз-өздеріне көңіл бөлуі, кемшіліктерін түзетуге тырысуы керек. Себебі, өмірде мінсіз адам жоқ, әркімнің бойында кемшіліктер болады», - деп түсіндірді ол.
Шыны керек, отбасылық зорлық-зомбылық болған жағдайда негізінен әйел адам зардап шегеді. Күйеуінің ауыр соққыларынан өмір бойы мүгедек болып немесе өліп кетіп жатқан нәзікжандылар аз емес. Сөзімізге Бишімбаевтың азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып, өлтіріп қоюы дәлел. Бұл ер адамның жауапсыздығы ма, әлде тәрбиенің дұрыс болмауынан ба?
«Бұл мәселеде ата-аналарды немесе нақты біреулерді кінәлаудың қажеті жоқ, себебі олар да өз өмірлерінде ауыр кезеңдерді өткерген. Мәселен, ата-әжелеріміз репрессия, соғыс, ашаршылық сияқты үлкен қиыншылықтарды бастан кешірді. Сол заманда қазақ халқы үшін ең бастысы – тамақтың тоқтығы мен киімнің бүтіндігі болды. «Ұлдарым аштан өлмесе екен» деген тілек басым болды. Ашаршылықтан кейін еліміздегі патриот азаматтар жазықсыз жалаға ұшырап, репрессияның құрбаны болды», - дейді ол.
Шынында да, өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр кезең болды. Ұлт ретінде жойылып кетудің алдында тұрды десек те болады. Ал кейін, КСРО-ның ыдырауымен Қазақ елі өз тәуелсіздігін алған жылдары да көптеген қиындықтармен бетпе-бет келді. Елдің тұрмыс-тіршілігі бала тәрбиесіне үлкен әсер етті.
«Әрбір отбасының проблемасы өзіне тән себептерден туындайды. Ажырасу немесе зорлық-зомбылықтың бәріне бірдей себептерді атап көрсету мүмкін емес. Оларды жеке-жеке талдау қажет. Кез келген жанжалда екі тараптың да кінәсі болады. Кінә тек бір жақта ғана болмайды», - дейді Жасұлан Сейтқалиев.
«25 ЖАСТАН КЕЙІН ҒАНА ҮЙЛЕНУ КЕРЕК»
Өз кезегінде психоанализ бағытында ізденіп жүрген психолог маман Мейіргүл Бимағамбетова зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының бірі ретінде жастардың 25 жастан кейін ғана үйленгені жөн деп санайтынын айтты. Сөз арасында «он үште отау иесі» деген бұрынғы түсінік қазіргі заманға жарамайтынын айта келе, қазір ақыл тоқтатқан жастан кейін ғана шаңырақ көтергені жөн деген пікірін білдірді.
«Бүгінгі жастарға қарап, 25 жастан кейін ғана үйленгендері жөн деп ойлаймын. Классикалық түрде жасөспірім кезеңі 14-16 жасты қамтиды. Алайда, психологиялық тұрғыдан алғанда, бүгінгі жастарда жасөспірім шақ 23-24 жаста аяқталады. Осы психологиялық жасөспірім кезеңінен өткеннен кейін ғана отбасылық өмірге дайын болады. Жасөспірім шақ – бұл «мен бала емеспін, бірақ ақыл тоқтатқан жаста да емеспін» деген шақ. Осындай өтпелі кезеңнен өтпеген жастар жауапкершілік жағынан әлсіздеу келеді. Олар бүгін берген уәделерін ертең ұмытып кетуі мүмкін», - дейді психолог Мейіргүл Бимағамбетова.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДАҒЫ АЛДЫН АЛУ ІС-ШАРАЛАРЫ
Психолог мамандар қоғамдағы проблеманың себебі мен салдарын, алдын алу жолдары туралы ойларымен бөлісті. Осы мәселені шешу жолында Ақмола облысында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Біз солардың ішіндегі маңызды тұстарына тоқталып шықтық.
Ақмола облысында отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы нығайтуға ерекше назар аударылуда. Мемлекет деңгейінде қабылданған заңдар мен нормативтік актілер зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі ретінде қарастырылады. Заңдардың тиімділігін арттыру үшін, облыс әкімдігі арнайы тренингтер мен семинарлар өткізіледі.
Жуырда осы мәселеге қатысты облыс әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренованың төрағалық етуімен отбасыларды қолдау және дамыту орталықтары бойынша кеңес өтті. Кеңес барысында отбасылардың цифрлық картасында «дағдарыстық» және «шұғыл» санаттағы отбасыларды (D, E) «берекелі» санаттарға көшіру үшін әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізу мәселесі қарастырылды.
Кеңеске аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, отбасыларды қолдау орталықтарының директорлары (БКБ режимінде), жергілікті полиция қызметі, білім және денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлері қатысты.
2022 жылдан бері Ақмола облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанында алты отбасыны қолдау орталығы (Степногорск, Қосшы, Атбасар, Бурабай, Шортанды, Зеренді аудандарында) ашылды, ал 2027 жылға дейін тағы тоғыз орталық ашу жоспарланған.
Кеңес барысында жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Салыққызы Рахматуллина отбасыларды қолдау орталықтарының қызметі туралы ақпарат берді. Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұйрығымен бекітілген отбасыларды қолдау орталықтарының қызметі жөніндегі қағидаларымен және отбасылардың цифрлық картасындағы дағдарыстық және шұғыл отбасылар санын азайту алгоритмімен таныстырды.
Степногорск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің отбасыларды қолдау және жетелеу орталығының директоры Салтанат Оспанқызы Жетпісбаева орталықтың жұмысы туралы баяндады.
Кеңестің қорытындысы бойынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау мақсатында, аудан және қала әкімдеріне отбасылардың цифрлық картасын қолдануды кеңейту тапсырылды.
Бұдан бөлек, Ақмола облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен жуырда тағылымы мол іс-шаралар өткізді. «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» ұранымен өңірде Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен «Қазақ мәдениетінде, әдебиетте отбасы бейнесі» тақырыбында мерекелік бағдарлама өткізді. Жиын отбасы күніне орай ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» номинациялары табысталады. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері» бойынша сараптама алаңдарын ұйымдастырады.
Сонымен қатар, облыстағы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық-насихаттау шаралары да тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Мәселен, Ақмола облысында «Зорлық-зомбылықты тоқтату!» акциясы үнемі ұйымдастырылып тұрады. Оның аясында Көкшетау қаласында әлеуметтік-психологиялық құқықтық қамтамасыз ету дағдарыс орталығының базасында «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстелдері жиі өтеді. Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ведомствоаралық ден қою шаралары, дағдарыс орталықтарының қызметі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жоюға бағытталған шаралардың тиімділігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету тетіктері, дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды нығайту, сондай-ақ өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мәселелері талқыланды. Қатысушылар осы тақырыптардың маңыздылығына назар аударып, зорлық-зомбылықты жою жолындағы бірлескен әрекеттердің қажеттілігін атап өтті.
Мұндай іс-шараларға құрамында Ақмола облысы әкімдігінің қызметкерлерінен құралған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері, судьялар, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысындағы өкілі, медиаторлар, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысты мамандар мен құқық қорғау органдарының өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер және қоғам мүшелері өз пікірлерімен бөлісіп, тиімді шешімдер ұсынды.
Ақмола облысында отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға көмек көрсету үшін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар психологиялық және әлеуметтік көмек, құқықтық кеңес, сондай-ақ уақытша баспана ұсынады. Орталық қызметкерлері жәбірленушілерге қажетті қолдау көрсету үшін кәсіби даярлықтан өткен.
Ақмола облысындағы отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және адам құқықтарын қорғау үшін маңызды. Бұл бағытта атқарылған шаруалар болашақта отбасылық зорлық-зомбылықтың азаюына және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Облыс тұрғындары да бұл күресте белсенділік танытып, зорлық-зомбылыққа қарсы бірігіп күресуі қажет.