Қосшыда Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті
Шара қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдерінің мұрындық болуымен өтті
Қосшы қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шараны қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің жанындағы тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды.
Конференцияға парламент мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай, тарих ғылымдарының докторы, профессор, С.Сейфуллин мұражайының директоры Марат Әбсеметов, ақын, режиссер, Қанат Жүнісов, ақын Қабиден Қуанышбай қатысты.
Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы конференцияны аша отырып, шараның жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Сәкен Сейфуллин саналы ғұмырында халқының бақыты үшін толассыз күрес жүргізген қайраткер. Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, халқының жүрегіне берік ұялаған. Сол сегіз қырлы, бір сырлы сұлу Сәкен, дауылпаз Сәкен, еліне сіңірген еңбегімен де, қайталанбас дара тұлғасымен де, тіршіліктегі үлгі-өнегесімен де, артына қалдырған мол мұрасымен де, екпіндей жарқырап қазақ тарихында өшпес із қалдырған Сәкен бола білді. Сәкеннің аты, әні, сәні ел аузында, қайраткерлігі халық жүрегінде. Тарихта, қазақ өмірінің жылнамасында мұндай өміршең тұлға санаулы ғана. Ол артынан көп асыл мұра қалдырып кетті.