$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.05.2020, 14:22
Қоғам

Алматыда адам жерлейтін жер жоқ: шенеуніктер зират мәселесін ұмыт қалдырды

Қалада жылына орта есеппен 8-9 мың адам қайтыс болады

Алматыда адам жерлейтін жер жоқ: шенеуніктер зират мәселесін ұмыт қалдырды

Алматыда урбанистикаға байланысты қаланы жобалау кезінде және шаһардың бас жоспарын жасау барысында назардан тыс қалған бір сала зираттар мәселесі. Шаһарда соңғы он жылдан бері қайтыс болған адамды жерлеуге арналған жер тапшылығы сезіле бастаған. Қала аумағы мен шекаралас облыстағы жерлердің бейберекет бөлінуі белең алды. Ал жергілікті атқарушы билік бұл шетін мәселеде түбегейлі шешімдер қабылдауға асығар емес.

 Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге тікелей қатысы бар мекемелер мен сарапшылардың пікірін тыңдап көрген еді.  Әлемдік пандемия көрсетіп отырғандай, әлемде қауіпті инфекциялық аурулармен өмірден өткендерді жерлеу мәселесі де бұл сұраққа қайта оралуға мәжбүрлеп отыр. Мамандар крематорий салуды қайта көтерді. Ал қарапайым халық зираттарды адамдар тіршілік ететін жерлерден алыстатуды және тиісті заң нормаларының сақталуын талап етеді.

ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚ ЖАҢА ЗИРАТ САЛУҒА ҚАРСЫ    

Алматыдағы Медеу ауданына қарасты «Думан» ықшамауданы тұрғындарының елдімекенге жақын жерден зиратқа деп қоршалған жер дауымен жүргендеріне екі жылдан асқан. Билік қыраттарды арнайы темірлермен қоршап, тұрғындардың бұл жаққа енді кірмеуін талап еткен соң, дау шықты. Отыз бес мың тұрғыны бар шағынаудан халқының атынан бастамашыл топ құрылып,  2018 жылдан бері билік тармақтарына хат жазып, тау бөктерінен қоршауды алып тасауды талап етумен келеді.

Суретте: «Думан» шағынауданы маңындағы қоршалған аумақ

«Екі жыл бұрын қазан айында бастады да, бір жарым айда осы 92 гектарды қоршап тастады. Басында халыққа айтылған жоқ. Негізі, бұл халықтың келісімімен болуы керек еді.  Біз бір айдан соң арыздануды бастадық. Санитарлық нормаларға қайшы екенін дәлелдеп, тиісті органдардың қорытындыларын алдық. Содан соң жергілікті әкімдік өкілдері бізге бұл аймаққа мал кіргізбеу үшін қоршадық деп ақталды. Бірақ Думанда мал бағатын адам некен-саяқ. Көп ұзамай осы қоршаудан 300 метр жерден бейіт болады деп шықты. Оған халық сенер еді. Бірақ қасымызда тұрған Кеңсай зираты мысал бола алады. Қараңыз, басында осылай бастаған, содан соң жердің бағасы қымбат болған соң, жағдайы барлар осындай қырға жерлегісі келеді де, қып-қызыл саудаға айналдырған. Олар үйге қарай төмендеп түсе береді, түсе береді. Содан саяжайлардың бау-бақшасына дейін кіріп алған. Біз де соның кебін кигіміз келмейді», - дейді бастамашыл топтың жетекшісі.

Суретте: Жансерік Оңалбаев, бастамашыл топтың жетекшісі

Елдімекенде 20 жылдан бері тұратын Байқадам Сұлтанқұловтың айтуынша, қыратқа адам жерлеу тұрғындар үшін қауіпті. Оның үстіне бұл маңдағы халыққа берілетін ауыз су осы жерден алынады. Таудың етегінде су қоймасы тұр. Қабірдің қоршауы санитарлық талап бойынша ауыз су көзінен 500-1000 метр қашық болуы тиіс. Бірақ тұрғын үйлер мен су мұнарасына жақын салынған қоршау жергілікі халықтың күдігін күшейтіп, наразылығын арттырып жіберген.

«Бұл құрылысқа біз басынан қарсы болдық. Себебі, ғылыми түрде де дәлеленген, тірі адамдар үшін зиян. Бұл маңнан сай саламен су ағады, таулы жер болған соң, ол етектегі үйлерге келеді. Ал үстімізге әкеліп адамдар жерлеп жатса, ол елдімекенге өте жақын орналасса, дұрыс емес деп ойлаймын. Болашақ ұрпағымыз осы жерде тұрады, осы ауылда қалады. Солар үшін алаңдаймыз. Таудың да әсем келбетін бұзды, біз мұнда осы таулардың саясына тұрайық деп жер сатып алып көшіп келдік. Таудың етегінде үлкен ауыз су алатын қойма бар. Оның да айналасындағы санитарлық нормалар сақталып отырған жоқ. Көктемде жауын-шашын көп жауады мұнда. Өліктен тарайтын аурулардың бәрі сол сумен ауылымызға келмесіне кім кепіл?!»,- дейді тұрғын.

Суретте: Байқадам Сұлтанқұлов, тұрғын

Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының тұрғындарға берген жауабында аумағы 92,8 гектар жер Алматы қалалық салттық қызмет көрсету арнайы комбинатына 25 жылға өтеусіз берілген деп жазылған. Алматы қаласы әкімінің (Ахметжан Есімов - авт.) 15.10.2014 жылғы қаулысына сәйкес жердің мақсатты пайдалануы «көгалдындыру үшін» деп көрсетілген. Ал осы ауқымды жер теліміне шығарылған мемлекеттік актіде пайдалану мақсаты «арнайы мақсаттағы объекті үшін» деп жазылыпты. Бір-біріне кереғар осы жауаптардан соң, тұрғындардың күдігі қоюланып, жақында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына тағы да хат жолданған.

Суретте: Тұрғындарға жолданған жауап хаты

Суретте: Мемлекеттік акт көшірмесі  

«Халық арыздана берген соң, «Жарайды қоршауларды аламыз, мына таудың көрінбейтін арғы бетін ғана қоршаймыз» деді. Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мәкежанов белсенділерді сол жерге ертіп барып көрсетті. Екі аптадан кейін барып қарасақ, қоршауларды сол күйі алмаған. Міне, екі жыл болды, әлі тұр, ешкім біздің заңды талаптарымызға құлақ асқан жоқ. СЭС қорытыныдысында ауылдық жерге тақап зират салуға болмайтыны, оның қашықтығы жазылып тұр емес пе? Неге заңға қарамайды?», - дейді белсенді Жансерік Оңалбаев.

71 ЗИРАТТЫҢ 40-Ы ЖАБЫЛДЫ  

Алматы қалалық Мамандандырылған салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов  Azattyq Rýhy  тілшісіне тау бөктеріндегі жерлердің неліктен қоршалғанын түсіндірді. Қаладағы барлық қорымдарға жауап беретін кәсіпорынның өкілі «Думан» ықшамауданының оң жағына, «Кеңсай» зиратының шығыс жағына қарай орналасқан аумаққа адамдар жерленеді дегенді жоққа шығарған жоқ.   

«Ол жерде жаңа зират құрастырылады.  Бірақ оны 2 жыл болды аша алмадық. Себебі, «Думан» шағынауданының тұрғындары қарсы болды. Жоба бойынша ол жерде 92 гектар жер бар. Ол жерде бәрін дайындап қойған. Жолдарын жасап, әкімшілік ғимараты бар. Су, электр энергиясы, жарықтандыру, әкімшілік ғимараты мен гараждарға дейін тартылып қойған. Ол жерге инфрақұрылым тартумен Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімдігі айналысты», - дейді М. Исмаилов.

Суретте: Марат Исмаилов

Комбинат басшысының орынбасары Алматыда зират мәселесі өте өткір тұрған мәселе екенін айтады. Қала үшін жаңа зират ашу туралы ұсыныс 2014 жылдан бері қызу талқыланып келеді. Қалада «Кеңсай-1», «Кеңсай-2» зираты толды. Тек ел арасында Батыс зираты деп аталатын қорымға жерлеуге рұқсат етілген. Алматыда 71 зират болса, оның ішінде 40 зират толықтай жабылған. Қалғаны  ішінара жерлеуге рұқсат етілген зираттар.

ЖОЙҚЫН ЖЕР СІЛКІНСЕ, 300 МЫҢ АДАМҒА ҚАБІР ҚАЗЫЛА  МА?

Айта кету керек, 2008 жылы сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың ұйғарымымен Алматы облысының Іле ауданы Қараой елдімекені маңынан арнайы жер қарастырылған. Бұл аймаққа Алматы қаласында жойқын жер сілкінісі болған жағдайда 300 мың адамды жерлеуге арналған жоба жасалған. Марат Исмаиловтың айтуынша бұл жер телімінің көлемі 127 гектар. Алматыда коронавирус дертінен қаза тапқандарды нақты осы аймаққа жерлеуге шешім қабылданғаны белгілі болды.

Фото: Коронавирустен қайтыс болған адамды жерлеу сәті

«Болашақта адамдарды жерлеу мәселесі проблемаға айналады деп, ол үшін кем дегенде  1 мың га жер керек деп барлық әкімдерге жазумен келеміз. Алматы облысының әкіміне  2014 жылы хат жазып, қалаға жақын жерден бос орын тауып беруді сұрадық. Бірақ  жоқ деген жауап алдық.  Біз қазіргі Қызыл ту елдімекені,  Алматы халықаралық әуежайына жақын жерден жер сұрағанбыз. Себебі, ол жерде орыстардың бейіті болған. Сол маңайда ашық жерлер көп еді.  Оның бәрін кейін жекеменшікке үй салуға сатып жіберген»,- дейді Алматы қалалық Мамандандырылған салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов.

ЭКС-ДЕПУТАТ ТАҒЫ ДА КРЕМАТОРИЙ САЛУДЫ ҰСЫНДЫ

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан Жазылбеков адам жерлеуде жалпыға ортақ стандарт болуы керек деп есептейді. Бізде әлеуметтік мәртебесіне қарамай адамдарды жерлеудің бірегей тәртібін енгізуге мемлекет көңіл аударған жоқ. Қоғам белсенділері де, парламент депутаттары да бұл ұсынысты бірнеше рет көтерген.

Оқи отырыңыз: Крематорий жоқ: коронавирус құрбандары арнайы полигонда жерленеді

Бұл проблеманы шешудің тағы бір жолы крематорий салу еді. Экс-депутаттың айтуынша, бұл ұсынысты дін өкілдері қолдамады деп, қала билігі қолға алмай қойған. Алайда, коронавирус оның керек екенін тағы бір рет еске салды.

«Қазір пендемия кезінде крематорий керек еді. Қауіпті індетпен өмірден өткендерді осы жолмен жерлеуге болар еді. Одан тыс, неше түрлі адамдар бар. Мысалы, үйсіз-күйсіз жүріп қайтыс болатындар бар, туысы жоқтар бар, туберкулез сияқты жұқпалы дертпен өмірден өтетін қаншама адам кездеседі. Парламентте депутат болып жүргенде осыны көтердім, бірақ дін жағында жүрген әріптестеріміз қарсы болды да, сол бойы қалды», - дейді Н. Жазылбеков.

Суретте: Нұрлан Жазылбеков, Алматы қаласы Қоғамдық кеңес мүшесі

Жазылбеков адам санына қарай елдімекендер жанында арнайы өз зираттарына жерлер қарастырылуы керегін айтады. Ол 50-60 жылға алдын ала есептелуі тиіс. Алайда, қала маңындағы жерлер жекеменшікке сатылып кеткен.

«Бұл жергілікті атқарушы биліктің қателігі. Әкімдер осы сұрақ туралы ойлаған жоқ. Жерді ИЖС  (жеке тұрғын үй құрылысы - авт.) үшін аударып, баспаналар салуды ғана ойлады, бәрін көріп отырмыз. Тіпті, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент сияқты қаланы бағатын ауылшаруашылық жерлерінің бәрін үй салу үшін жекеменшікке сатып жіберді. Бейіт туралы ойлаған бірде-бір шенеунік көрмедім. Көктөбені қараңыз, ол жерді де өздерінше бизнеске айналдырды», - дейді Қоғамдық кеңес мүшесі.

ШЕНЕУНІКТЕР ҮНСІЗ

Алматы қаласы бойынша зираттар мәселесіне үйлестірушілік ететін Жетісу ауданының әкімдігі біздің сауалдарымызға жауап беруден бас тартты. «Думан» шағынауданындағы қорымға арналған жер телімінің ары қарайғы тағдыры және осы аумақтың инфрақұрылымына жұмсалған қаражаттың көлемі туралы сауалдарды аудан әкімінің орынбасары Әлішер Сатыбалдиев жауапсыз қалдырды.

Дерек үшін:

Комбинат мамандарының дерегінше, Алматыда қайтыс болатындар саны жылына орташа есеппен, 8-9 мың адам. Қалада 2016 жылы 7484 адам жерленген, ал 2018 жылдан бері  8 мыңға жуық адам көз жұмған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары