$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.10.2024, 09:58
Қоғам

Әкімдік мүгедек баланы тәрбиелеп отырған «Алтын алқа» иегерін баспана кезегінен шығарып тастаған

Жеті баланың анасы сотқа арызданды

Әкімдік мүгедек баланы тәрбиелеп отырған «Алтын алқа» иегерін баспана кезегінен шығарып тастаған
Фото: © istockphoto.com

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты баспана кезегінен заңсыз шығарылған көпбалалы ананың тұрғын үйге құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғарғы соттың ақпаратынша, 2016 жылы 7 баланың анасы тұрғын үй комиссиясының шешімімен «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына жатқызылып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегіне қойылған. Алайда екі жылдан кейін тұрғын үй комиссиясы әйелдің Атырау облысы Мақат ауданында күйеуінің атына тіркелген үйі бар екенін алға тартып, отбасыны кезектен шығарып тастаған. Бұған наразы болған көпбалалы ана Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арызданып, бұрынғы кезегін қалпына келтіруді талап етеді.

Сот істі зерттей келе, талап қоюшының көпбалалы ана екенін, «Алтын алқа» алқасымен марапатталғанын және оның отбасы «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал тобына жататынын анықтаған. Күйеуінің атындағы үй Мақат ауылынан 22 шақырым жерде орналасқандықтан, олар мүмкіндігі шектеулі баланы үйде оқыту үшін облыс орталығынан пәтер жалдауға мәжбүр болған.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес, «Алтын алқа» иегері мемлекет есебінен баспана алғанға дейін есептен шығарылмайды. Осыған байланысты сот әйелдің талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Мақат ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің талап қоюшыға қатысты хаттамалық шешімінің бір бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылды», - делінген хабарламада.

Осылайша көпбалалы ана «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне қайта еніп, баспана кезегі қалпына келтірілді.

Жоғарғы сотттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жергілікті соттардың қорытындысымен толық келісіп, әкімдіктің кассациялық шағымын қанағаттандырған жоқ.

Серіктес жаңалықтары