Атырауда егде жастағы кісіні ұрып өлтірген ер адамның соты басталды
Марқұмның артында төрт баласы қалды

Атырауда жұрттың көзінше егде жастағы кісіні ұрып өлтірген жігіттің соты басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Қылмыстық іс №2 Атырау қалалық сотында қаралып жатыр.
Оқиға 5 маусым күні болған. Марқұм базарға зат алуға келген. Ол «Газель» жүк көлігін қойып жатқанда жанында тұрған «Mercedes-Benz» маркалы көлігінің есігін байқамай сырып кетеді. Осы кезде ашуға мінген көліктің иесі Сағынғалиевты аяусыз соққыға жығып, оған ауыр дене жарақатын салады. Сағынғалиев облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, бес күннен соң, 10 маусымда есін жимастан көз жұмды. Оның жасы 56-да болатын. Артында үш ұл, бір қызы қалды. Өзі отбасымен бірге Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында тұрған. Ауылда мал ұстап, дүкен ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.
Марқұмның өліміне кінәлі деп айыпталып отырған 39 жастағы Мұхтар Ахмедов те отбасылы. Бес баласы бар. Бәрі де кәмелет жасына толмаған. Үлкені 17-де болса, кенжесі 2 жаста. Өзі «Ризық» шаруа қожалығының директоры болып жұмыс істейді. Оған 6 маусымнан бері күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Оның марқұмға қол жұмсап, басынан бірнеше рет ұрғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Айыпталушы Ахмедовке ҚР қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірумен абайсызда жәбірленуші өліміне әкеп соққан») бойынша айып тағылған.
Ахмедов айыптау актісімен ішінара келісетінін мойындады.
Прокурордың сөзінше, сот-медициналық сараптамасында Сағынғалиевтің ауруханада жансақтау бөліміндегі өлімі жабық бас-ми жарақаты салдарынан болғанын, бас сүйектері жарылып, миына қан құйылғанынан болғанын көрсетті деп отыр.
Келесі сот отырысы 30 қазанға белгіленді.