«Амандаспағаны үшін есеп айырысқан»: Павлодарда кісі өлтірген ер адам сотталды
Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіру фактісі бойынша айыпталған ер адамның ісі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта белгілі болғандай, үстіміздегі жылдың сәуір айында Павлодар облысы Ақсу қаласы Айнакөл ауылындағы тұрғын үйдің ауласында бір-бірімен таныс бір топ адам спирттік ішімдік ішкен. Ер адамдар арасында жанжыл туындап, олардың бірі ағасы Е.-ге хабарласып, өзін ренжіткен адаммен келіп сөйлесуін сұраған.
«Көрсетілген мекен-жайға келіп, Е. болмашы нәрсе үшін, атап айтқанда жиенін ренжіткен құқық бұзушы онымен сәлемдеспегені үшін, кенеттен ашуланып, оны өлтіруге шешім қабылдаған. Қылмыстық ниетін жүзеге асырған ол ренжіткен адамның мойнынан ұстап, жоғары көтеріп, тұншықтырған, денесінің әр жеріне соққы жасаған. Ер адамда тіршілік белгілерінің жоқтығына көз жеткізген Е. қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жерден жасырынған. Жәбірленуші сол жерде көз жұмды», - делінген сот хабарламасында.
Сотта прокурор кінәліні 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ал сотталушы мен оның қорғаушысы Е.-нің әрекетін ҚК-тің 106-б. 3-б. бойынша қайта саралауды және осы баптың санкциясы бойынша көзделген ең төменгі жазаны тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші, марқұмның анасы да сотталушыға ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.
«Бұл қылмыс үшін заңда 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, бірқатар сот-медициналық сараптамаларының қорытындыларымен және сотталушының кінәсін ішінара мойындауымен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды: кінәні ішінара мойындауын, тұрғылықты және жұмыс орны бойынша жағымды мінезделуін, бұрын соттылығы болмауын, асырауында үш жас баланың болуын ескерді. Сот сотталушы Е.-ге қатысты жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ деп тапты», - делінген хабарламада.
Сот үкімімен Е.-ге ҚК-тің 99-б. 1-б. бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тайғайындалды.
Бұл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.
Іс бойынша азаматтық талап қою ұсынылған жоқ.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.