Министр мектеп сыртындағы дәретханалар неліктен сүрілмей жатқанын түсіндірді
Республика бойынша 10 мектептің ішінде дәретхана атымен жоқ
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жергілікті органдар мектеп ішінде дәретхана болса да, даладағы әжетханаларды неліктен жаппай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Іштегі дәретханалары жоқ мектептердің саны ресми түрде – 10. Дегенмен, осыған дейін айтқанымдай, әжетханалары іште де, сыртта да орналасқан мектептер бар. Жергілікті атқарушы органдар кейбір апатты жағдайлар кезінде даладағы дәретханалар қажет екеніне сендіріп, оларды сүрмей отыр. Десе де біз жергілікті атқарушы органдардан қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуді талап етеміз. Мектеп ішінде дәретханалар бар екенін, соған қарамастан сырттағы әжетханалар әлі сүрілмегенін көріп отырмыз», - дейді Бейсенбаев Мәжіліс кулуарында.
Министр даладағы дәретханалар негізінен Қазақстанның оңтүстігіндегі мектептерде кездесетінін атап өтті.
Бұдан бөлек, Бейсенбаевтың айтуынша, кейбір мектептерде іштегі дәретханалардың саны жеткіліксіз. Бұл мәселе мектептерді қайта жаңарту аясында шешілмек.
Естеріңізге салайық, Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Түркістан облысында әрбір дерлік мектепте оқушылар сырттағы әжетханаға баратынын, ал олардың жай-күйі көңіл көншітпейтінін мәлімдеген еді.