Қытайдан қашып келген екі жігітке босқын мәртебесі берілуі керек еді – адвокат

Автор: Azattyq Rýhy

Алайда шекараны заңсыз кесіп өткен Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы бұлтартпау шарасымен екі айға қамауға алынды.

Қытайдағы қудалаудан қашып келген екі азаматты қамау туралы үкімді Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының соты шығарған. Босқын мәртебесін сұрай келіп қамалған екі жігіттің адвокаты оларды кепілмен бостандыққа шығару туралы сотқа арыз түсірді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оқи отырыңыз: Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті араша сұрайды

Қорғаушы Ләззат Ахатованың айтуынша, өтініш алдағы он күннің ішінде облыстық сотта қаралмақ. Қазақ-қытай арасындағы мәселелерге орай Алматыда өткен жиында адвокат өз қорғауындағы азаматтарды қылымысқа күдікті емес, босқын деп тану керектігін айтты.

«Қастер Мұсахан 2006 жылы Қазақстанға қарай өткен шекараны бұзып өткен. Сол кезде Қытайдан мал ұрлады деп ақпарат келген. Біздікілер оған сеніп, Қастерді кері қайтарған. Сол кезде ол жігітке Қытайда шекараны заңсыз кесіп өткені үшін іс қозғалған, мал ұрлығына қатысты іс қозғалмаған. Өйткені мал ұрлығы болмаған. Сонда бұл жай ғана Қытай билігінің айласы ғана. Қазір олар екі сумка ақша алған деген ақпарат бар. Бұл да олардың жігіттерді қайтартып алуы туралы әдісі болуы мүмкін», - деді екі жігіттің қорғаушысы Ләззат Ахатова.

Оның айтуынша, қытайлық қос қандас қатерге бастарын тігіп келген. Қамауда жатқан Қ.Мұсахан мен М.Әлімұлының үстінен ҚР ҚК 392-бабымен (Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту) іс қозғалған. Адвокат Ләззат Ахатова шекараны бұзды деп айыпталған азаматтарды бірден қамамай, қолхатпен жіберу керек, өйткені БҰҰ-ның босқындар мәртебесі туралы конвенцияда осылай делінген дейді ол. 

«Олар геноцидтен қашқан. Халықаралық нормаларға сәйкес, БҰҰ бекіткен конвенциясы бар. Сол конвенцияға сәйкес қандай да бір елден қорлық, зәбір көріп, геноцидтік саясаттың құрбаны болып, ол азаматтар сол елден қашып, шекараны заңсыз кесіп өтіп, барған елінен босқын мәртебесін сұраса, ол азаматтарға қылмыстық іс қозғалмау керек. Қастер мен Мұрагер келе сала біздің көші-қон полициясына арыз жазған. Олар қылмыскерлер емес, саясаттың құрбандары. Бұл жағдайда оларға қылмыстық іс қозғалмау керек еді. Екеуін екі айға қамауға жіберді. Тіпті шекараны бұзып өтудің өзі ауырлығы орташа қылмыс. Бұлтартпау шарасы ауыр қылмыс жасағандарға ғана қолану керек. Бұл жерде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуға болар еді. Ауыр қылмыс жасаған секілді бұлтартпау шарасымен қамауға алып отыр», - деді қорғаушы Л. Ахатова.

Оқи отырыңыз: Қытайдан келген екі азаматтың шекараны кесіп өткеніне үлкен күмәнім бар - шекара қызметінің директоры

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы