Мәжіліс тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын қарайды
Шетелдік банк мәселесі де талқыланбақ
Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Депутаттар бірінші оқылымда қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылайды.
Үкімет заң жобасын Президенттің банк секторындағы рұқсат беру талаптарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін әзірледі. Сондай-ақ 2023 жылғы Президент Жолдауын іске асыру аясында шетелдік еншілес банктер мен олардың филиалдарын ашу талаптарын жеңілдетуге қатысты қосымша өзгерістер енгізілді.
Екінші оқылымда депутаттарға ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелеріне қатысты түзетулерді қарау ұсынылады.
Күн тәртібіне Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобалары да енгізілді. Олардың қатарында «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер, инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты заңнамалық өзгерістер және басқа да бірқатар жоба бар. Мәжіліс бұл заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгілеуі қажет.