Әйтеке бидің 380 жылдығы: Ақтөбе әкімі мемлекет қайраткерінің ескерткішіне тағзым етті
Облыста Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған іс-шаралар басталды
Ақтөбе облысында Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығына арналған мерекелік шаралар Әйтеке би ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
11-13 қазан күндері Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауылында қазақтың атақты мемлекет және қоғам қайраткері, мәмілегер Әйтеке би Бәйбекұлының туғанына 380 жыл толуына орай ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Мақсат – ел бірлігі мен әділдіктің жарқын үлгісін көрсеткен тарихи тұлғаның мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.
Осыған орай Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет әкімдік алаңында тұрған Әйтеке би ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұрпаққа мұра боларлық шараның ашылуымен құттықтады.
Бұл рәсімге «ХVIІ- ХVIII ғғ. Қазақ елі: Әйтеке би заманындағы ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға келген қонақтар да қатысқан.