Алматының 99 жастағы тұрғыны референдумға өзі барып, дауыс берді
Ол қаладағы №511 референдум учаскесіне барған
Тыл еңбеккері, Алматыдағы Наурызбай ауданының 99 жастағы тұрғыны Камила Қасымова Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдумға жеке өзі қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып.
Камилла Қасымова Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында орналасқан №511 референдум учаскесіне барды.
«Бүгін ел үшін тарихи күн. Мен аға буын өкілі ретінде референдумға қатысып, дауыс бердім. Бұл біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін өте маңызды», - деді кейуана.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге №48 мектеп-лицейдегі №388 референдум учаскесіне келіп, алғашқылардың бірі болып дауыс беруге қатысты. Алматылықтар тұрғылықты жері бойынша референдум учаскелеріне барып, сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.
Естеріңізге салайық, республикалық референдум күні қалада мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін қала әкімдігі «Инватакси» қызметін ұсынды.