Референдум және коронавирус: бас санитар дәрігер сақтық шаралары туралы айтты
Елде коронавирус бойынша жағдай тұрақты дейді ол
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Сархат Бейсенова Орталық референдум комиссиясының отырысында 6 қазанда қандай эпидемиологиялық шаралар қолдану керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол референдум кезінде коронавирус, жіті респираторлық инфекция мен тұмаудың алдын алу үшін сайлау учаскелерін желдетіп, тазалап тұру керек дейді.
«Елімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2024 жылдың басынан бастап коронавирус жұқтырған 1676 адам тіркелді. Өлім жағдайы жоқ. Былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда коронавирус жұқтырғандардың саны 7 есеге азайған. Биыл қыркүйекте 252 адам тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе аз», - дейді Бейсенова.
Оның айтуынша, қыркүйек айында 544 мың адамнан жіті респираторлық инфекция табылған.
«Тұмау жағдайы тіркелмеген. Науқастарға көмек көрсету бойынша вакцина сатып алынды. Бүгінгі таңда халық егіліп жатыр. Референдум кезінде учаскелердегі адамның көбеймеуін қамтамасыз етіп, ауаны тазалап тұру керек. Учаскелерде ылғалды тазалық жүргізген абзал», - деді Бейсенова.