Бірі баласын, енді бірі мидағы ісікті кесіп алды: дәрігерлер Ақмола тұрғынына адам сенгісіз операция жасады
Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы, оларды дәрігерлер қарап жатыр
Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургтері мен Ана мен бала ғылыми орталығының акушер-гинекологтары бір мезетте екі күрделі операция жасады: олар 38-аптадағы аяғы ауыр әйелді кесарь тілігі арқылы босандырып, сол мезетте миындағы үлкен ісікті кесіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, сегіз сағатқа созылған операцияны дәрігерлер сақтандыру жүйесі арқылы тегін жасаған.
«Ақмола облысының тұрғыны жазда, шілде айында тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігерге барған. Өйткені, көзі нашар көріп, оң көзі ауырып, әлсіздік пен шаршау байқалған. Дәрігерлер оның миына МРТ жасап, қорқынышты диагноз қойған: оның миында үлкендігі 5х5х6 см, маңдай бөліктеріне таралған үлкен ісік анықталған. Мидың бұл аймағы адамның көзі мен гормондарына жауап беретін жері», - деп жазады МӘМС қоры Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі.
Диагноз анықтала сала, жергілікті дәрігерлері атақты хирург, еліміздің бас нейрохирургі Серік Ақшолақовқа хабарласып, оның басшылығымен шұғыл консилиум өткен. Құрсағында баласы бар ана Ұлттық нейрохирургия орталығына жатып, дәрігерлер операция жасаймыз деген шешімге келген.
«Ана мен баланың өмірін сақтау үшін нейрохирург, акушер-гинекологтар мен анестезиологтар кезек-кезек операция жасайтын болды. Акушерлер әйелді алдымен кесарь тілігі арқылы босандырған. Дені сау қыз дүниеге келген соң нейрохирургтер бірден мидағы ісікті алу үшін операция жасай бастаған. Операция сегіз сағатқа созылды», - деп жазған дереккөз.
Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы, әйелдің көзі жазылып келеді. Өзі Ұлттық нейрохирургия орталығында, қызы Ана мен бала ғылыми орталығында жатыр.
«Бұл сәтті операция - ми патологиясы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұржан Рыскелдиев, нейрохирург Мұратбек Тілеубергенов пен Дәурен Баймұханов, сондай-ақ тәжірибелі анестезиолог, акушер-гинеколог мамандардың арқасы», - деп хабарлады дереккөз.