$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.05.2020, 09:56
Қоғам

Түркістан облысында 30-ға жуық адамның ақшасын алаяқтық жолмен алған күдікті ұсталды

Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 2,5 миллион теңгеге жуықтаған

Түркістан облысында 30-ға жуық адамның ақшасын алаяқтық жолмен алған күдікті ұсталды
фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері 30-ға жуық тұрғынды алдап, алаяқтық жолмен ақшасын жымқырған күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірінен арыз түскен. Бойжеткеннің айтуынша, бейтаныс біреу оның сеніміне кіріп, алдап «құрығына» түсірген. Яғни, жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы мемлекет тарапынан қайтарымсыз 1 миллион теңге «шығарып беремін» деген алаяққа 100 000 теңгесін беріп, алданып қалған.  

Бұдан бөлек, аудандық полиция бөліміне осыған ұқсас жағдай бойынша тағы бір тұрғыннан арыз түскен. Қайтарымсыз 750 000 теңге шығарып беремін деген алаяққа шағымданушы 80 000 теңгесін беріп, алданып қалған. Осы жайттар сотқа дейінгі тергеп- тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді.

«Сарыағаш ауданының полицейлері тұрғындарды алдап, ақшаларын алған алаяқты қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жәбірленушілерден жауап алу барысында, күдіктінің жеке-басын анықтады. Нәтижесінде, ақпарат көздері арқылы полицейлер күдіктіні Сарыағаш ауданындағы өз үйінен ұстады. Тергеу барысында анықталғандай, ол тұрғындардың сеніміне кіру арқылы осындай істермен айналысып, қайтарымсыз көмек алып беремін деп алдап келген. Қазірдің өзінде осы қылмыстық іс бойынша 30-ға жуық жәбірленуші күдіктінің атына арыз беріп жатыр. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 2,5 миллион теңгеге жуықтаған», - делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Ол қамауға алынды. Қазіргі таңда жоғарыда аталған қылмыстардың барлығын бір адам жасағандықтан, қылмыстық істер біріктіріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары