Сырдария өзенінен Түркістан қаласына дейін канал салынады. Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына жауап берген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ақпаратты растады
Бұдан өзге, Кентау мен Түркістан қалаларының арасында үлкен су қоймасы салынатыны белгілі болды. Бірақ, әкім Сырдария мен Түркістан арасындағы каналдың ұзындығын атаған жоқ.
«Сырдария өзенінен Түркістанға дейін канал салынатыны рас. Түркістанда ағын су жетпейтінін айтып жүрмін. Қосымша 180 млн текше метр су тарту керек. Ол үшін үшін төрт жобаны қолға алдық. Соның бірі – осы канал. Канал арқылы Түркістанға 80 млн текше метр су келу керек. Бірақ бұл резервті арық болады. Арыс каналында су жетпей қалса ғана, іске қосамыз», - деді Шөкеев.
Әкім айтқан екінші жоба – Түркістан-Арыс арығын бетондау жұмысы. Бұл арықтан да қалаға 80 млн текше метр су келеді екен.
«Үшіншіден, Кентау мен Түркістан арасында үлкен су қоймасын салайық деп жатырмыз. Қосқорған су қоймасы деп аталады. Ол жерге 20 млн текше метр су жиналады. Істен шыққан ұңғымаларды қайта қалпына келтірсек, 30 млн текше метр су жиналады. Осының бәрін қосқанда, Түркістанды керекті сумен қамтамасыз етеміз», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев елордада баспасөз мәслихатын өткізді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан