«Суицид пен бала зорлау бұлай көп болмаған»: Шөкеев психологтардың көмегіне жүгінбекші
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақтың жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық жағынан қалай дамығанын айтып берді
Журналистер тарапынан қойылған ең көп сұрақ – аймақтағы зорлық-зомбылық, суицид, соның ішінде, педофилия, яғни, балалар зорлығына қатысты болды. Облыс әкімі қоғамды дүр сілкіндірген Абай ауданындағы ұл баланың ісі мен 16 жасар жасөспірімді зорлады деп айыпталған полиция қызметкерінің ісіне қатысты пікір білдірді. Бірақ, «педофилия мен суицид оңтүстікте көп» деген тұжырыммен келіспейтінін айтты.
«Түркістан облысы – халық тығыз орналасқан аймақ, зорлық-зомбылық фактілері көп болуы соған да байланысты шығар. Бірақ, біздің облыстағы ғана мәселе деп ойламаймын. Басқа аймақтарда да криминал бар. Ешқашан бұндай (бала зорлау) болмаған еді. Мен өзім Оңтүстік Қазақстанда туып-өстім. Қазіргідей суицид, қазіргідей бала зорлау бұрын соңды болмаған. Бәлкім, осы бағытта жұмысты босасыңсытып алған шығармыз», - деді Шөкеев.
Оның айтуынша, әкім болып келе салысымен облыстағы зорлық-зомбылықпен күресті зерттей бастаған. Яғни, аймақтың әлеуметтік мәселелеріне үңілген.
«Әлеуметтік бағыттағы проблеманың бірі - балалардың зорлығына қатысты болды. Бірден комиссия құрылып, республиканың ең озық мамандарын жинадық. Ақылдаса келе, осымен күрестің кешенді жоспарын түртіп қойдық. Барлық аудандарда арнайы психологиялық орталық құру туралы шешім қабылдадық», - дейді Түркістан облысының әкімі.
Абай ауданындағы бала зорлығына қатысты тергеу әлі жүріп жатқанын айта келе ол 16 жастағы жасөспірімнің ісіне блогерлер араласқысы келіп отырғанын және ол теріс екенін айтты.
«Бұл іспен таныспын, білемін. Прокуратура жұмыс істеп жатыр, полиция департаменті айналысып жатыр. Белгілі блогерлер мына жақтан да, ана жақтан да араласқысы келіп отыр. Бірақ, бұл таза криминалды кейс. Бұдан саяси астар іздеп, үнемі шулату, әрбір баспасөз мәслихатында сұрақ қою теріс деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары істің ақ қарасын шығарсын», - дейді ол.
Ал, суицидпен күресте Өмірзақ Шөкеев журналистерден аты жаман істі насихаттамайық деп, өтініш білдірді.
«Суцицидпен күресте дәстүрлі әдістерді қолдануға болмайды. Егер біз насихаттасақ, осылай шуласақ, бұл суицидтің көбеюіне ықпал етеді. Бұны сіздерге кез келген психолог растап бере алады. Сондықтан, психологтардың санын көбейтіп, тәрбиелік жұмысты арттыру керек. Бірақ, ешқашан бұны ақпараттық қолдауға болмайды. Осы мәселені шешу үшін БҰҰ мамандарын да тартып отырмыз», - деді зорлық-зомбылықпен күреске қатысты сұрақтарға нүкте қойған ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан