Грузия туристерді қабылдауға дайын, Түркия жуырда мәлімдеме жасайды
ТЖ кезеңінде туристік бағыттар бойынша жолдамаларды сатуға тыйым салынған
Әлем елдерінің ішінде Грузия алғашқылардың бірі болып шетелдік туристер үшін есігін шекараны ашуға дайын екенін мәлімдеді. Өткен жылы 8 млн турист қабылдаған елдің ІЖӨ-нің едәуір бөлігі осы туризмнен құралады. Сондықтан Гүржістан үкіметі COVID-19-ға байланысты шектеулерге қарамастан биыл 1 шілдеден бастап шетелдіктердің келуіне рұқсат бермек.
Грузияда коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқас 26 ақпанда тіркелді. Қазір бұл елде қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 615 адам болса, олардың тең жартысы ауруынан айыққан. Қайтыс болғандар саны - 9 адам. Бұл елдегі ТЖ биыл 22 мамырға дейін ұзартылды.
Грузия Үкіметі осындай мәжбүрлі қадамға барып отырғанда, посткарантиндік кезеңде Қазақстанда туризмнің жағдайы қалай болады? Бұл мәселе бойынша Azattyq Rýhy тілшісіне отандық мамандар пікір білдірген.
150 МЫҢ ОТАНДАСЫМЫЗ ШЕТЕЛГЕ АТТАНАДЫ
«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының директоры Асылхан Есілов бұл сала бұрын-соңды болмаған қиын кезеңге тап болғанын айтады. Компания сыртқы туризмге бағытталған туроператорлармен жұмыс істегендіктен, белгісіздік кезеңін бастан кешіріп отыр. Жыл сайын Қазақстаннан әлемнің елдеріне 250-300 мың адам маусымдық демалысқа барып қайтады. Биыл бұл көрсеткіш екі есе аз болуы мүмкін. Карантиндік тәртіп алынса, елімізден кем дегенде, 150 мың отандасымыз шетелге аттанады деген есеп бар.
«Шығу туризмі карантин біткен жағдайда да көп нәрсемен байланысты. Ол біріншіден басқа елдердің шекараларды ашу уақыты және әуе компанияларының рейстерді жолға қоюы сияқты факторлармен қарастырылады. Бірақ сыртқа шығу туризмі жаздың басында өзгеріске ұшырап, жағдай түзеледі деп үміттеніп отырмыз. Мысалы, Грузия 1 шілдеден бастап туристерді қабылдаймыз деді. Енді сәт сайын бұл тізімі толығатыны рас. Жақын күндері Түркия осындай мәлімдеме жасайды деп күтіп отырмыз. Соған қарай әуе компаниялары да, туристік агенттіктері де жоспарларын құрады», - дейді туристік қор директоры.
ТУРИСТІК КОМПАНИЯЛАР ӘЛІ ЖАБЫҚ
Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова туристік компаниялар ТЖ уақытында жұмыс істеуге рұқсат етілген мекемелердің тізіміне ілінбей қалды. Енді олар рұқсат берудің төртінші кезеңінен үміттеніп отыр. Туристік операторлар мен агенттіктер қауымдастығының басшысы карантин аяқталған соң, Қазақстанда ішкі туризм жанданатын айтты. Ал сыртқа шығып демалу бойынша жағдайға қандай да бір болжамдар айтуға қиналды.
«Қауіпке байланысты қолданылып отырған шараларды қолдаймыз және түсінеміз. Десе де, елде шынайы жағдай, әсіресе бизнестік құрылымдар үшін тоқырау кезеңінің жүріп жатқанын ұмытпау керек. Турист те жоқ, кеңселер жабық, ал мамандар жұмыссыз қалды. Енді біздің бар үмітіміз, карантин аяқталған соң ішкі туризмде бір қозғалыс болуы керек. Ал сыртқа шығатын туризмге ешқандай үміт артып отырған жоқпыз. Себебі, авиакомпаниялар да, шекара да жабық тұр. Осы саланы білетін біз сияқты мамандар үшін де бұл мәселе жұмбақ. Ал неге ішкі туризм жанданады деп отырмыз? Себебі, халық екі айдан бері үйде қамалып отыр, көктемнің жаймашуақ кезеңдері де төрт қабырғаның ішінде өтіп кетті. Сондықтан ішкі туризмде енді өсу динамикасы болады», - дейді ҚТҚ директоры.
Туристік қауымдастық өкілдері қазір ішкі туризм бойынша да, сыртқы демалыс аймақтарына берілетін жолдамалардың да сатылып жатпағанын айтады. Төтенше жағдай кезеңінде туристік бағыттар бойынша жолдамаларды сатуға тыйым салынған. Сол себепті, оның бағасы туралы айту да мүмкін емес. Бірақ посткарантиндік кезеңде теңгенің құнсыздануына орай, турпакеттер үшін бағаның қымбаттайтыны заңдылық, екенін айтты. Мамандар ішкі туризм орындарында азық-түлік, жанар-жағар май және өзге де тұтынушылық тауарларға бағаның өсуіне байланысты қызмет түрлері де қымбаттайтынын қосты.
ДАҒДАРЫС АЛАКӨЛГЕ АЛЫП КЕЛЕДІ
Маманның сөзінше, биыл «Алакөл» демалыс аймағы ішкі туризм бойынша ең сұранысқа ие бағыт болады. Айта кету керек Алакөлде 2017 жылы демалушылар саны 700 мың адам болса, былтыр бұл көрсеткіш 1 млн-нан асқан. Рашида Шәйкенованың айтуынша, елде девальвация болды, инфлияциялық жағдайлар да көптеген азаматтар үшін демалысты кейінге шегеруге, тіпті ел ішінде де қыдыруға жағдайлары болмайтындай экономикалық қиындықтарды алып келді.
«Халықтың әлеуметтік жағдайы да әлсірейді. Бірақ біз биыл Алакөл демалыс аймағына адамдар көп баруы керек деп ойлап отырмыз. Көлдің емдік қасиеті де бар екенін ескерсек, халық отандық туризм ішінен осы бағытты таңдайтын болады. Одан бөлек, апта соңындағы екі күндік демалыс күндеріне арналған турларға сұраныс артады. Табиғат аясына шығып қысқа мерзімді демалыстарға баруға деген құлшыныс көбейетін болады. Бұл да ішкі туризм. Ал мұндай адамдардың барлығы туристік компаниялардың қызметіне жүгіне бермейді. Оны өзіндік туризм деп атасақ, бұл қыдырулар да ішкі туризмге оң ықпал етеді»,- дейді туризм саласының маманы.
ҮМІТ ҮЗІЛГЕН ЖОҚ
Қазақстан туристік қауымдастығының директоры шетелдік бағыттарға ТЖ жарияланғанға дейін жолдамалар сатып алғандардың баршылық екенін еске салады. Әсіресе, Түркия, Болгария және Грекия бағыттары бойынша турпакеттердің сатылымы жоғары болған. Олар қаражаттарын қайтарып алмаған. Қазір олар аталған бағыттар бойынша туристік аймақтардың ашылуын күтіп отыр.
«Коммерциялық құпиялылыққа байланысты олардың нақты санын айта алмаймын. Бірақ туристік елдер биыл маусым айының екінші жартысында туристерді қабылдауға болатыны туралы пікірлерін айтып жатыр. Бізді бұл қуантады. Әсіресе төтенше жағдайға дейін жолдама алып қойғандар үшін тиімді, олардың қаржысын кері қайтарып алмай отырғаны да түсінікті. Себебі, енді баға өзгереді. Алдағы уақытта шетелге демалыстар да тиісінше қымбаттайды. Айта кету керек, ішкі туризм үшін де бағаның өсімі болады»,- дейді Р. Шәйкенова.
АҚПАРАТ ҮШІН: «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының дерегінше ішкі туризм бойынша 2019-2025 жылдарға арналған үкіметтік бағдаралама қабылданды. Оның аясында Қазақстанда қарқынды дамуы тиіс 10 аймақ бар. Бұл бағытқа бюджеттен 1,3 трлн теңге жұмсалады.
Олар: Нұр-Сұлтан, «Бурабай» курорттық аймағы, «Алакөл» көлі, Алматы аймағы тауларының кластері, «Баянауыл» курорт аймағы, «Имантау-Шалқар» аймағы, «Түркістан» кешені, Балқаш көлі, Байқоңыр, Маңғыстау сияқты аймақтарға 8 млн адам тартуға болады. Оның ішінде шетелдік туристер 3 млн адамға жетуі тиіс деген амбициялық жоспарлар құрылған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы