$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.09.2024, 18:30
Қоғам

Қосшыдағы Отбасын қолдау орталығы 400-ге жуық қызмет көрсетті - Ардақ Елтаева

Орталық басшысы мекеменің жан-жақты жұмыс істеп жатқанын айтты

Қосшыдағы Отбасын қолдау орталығы 400-ге жуық қызмет көрсетті - Ардақ Елтаева
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Отбасы – адам баласының өсіп, өркендеп, қанат жайып, түлеп ұшатын, бақытты сәттерге толы алтын ұясы іспетті. Бірақ, өкінішке қарай, отбасындағы аса қажетті құндылықтар өзгеріп, бұзылды. Қазіргі қоғамдағы кеселдердің біріне айналған отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттердің жиілеуі соның айқын дәлелі. Осы мәселелерді жүйелі шешу үшін еліміздің барлық аумағында Отбасын қолдау орталықтары құрылып жатыр. Сондай орталықтың бірі былтыр Қосшы қаласында да ашылып, бүгінде ауыз толтырып айтарлық қызмет етіп жатыр. Azattyq Rýhy тілшісі аталған орталықтың басшысы Ардақ Елтаевамен жолығып, ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сұрады.

– Қосшы қаласының Отбасын қолдау орталығының жалпы жұмысы қандай? Ол қашан құрылды? Негізгі жұмыстары қандай?

– Мен басқарып отырған орталық ресми түрде «Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталады. Есіңізде шығар, өткен жылы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінде  «еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады» деген еді. Осы сөзге менің қосарым жоқ. Өте дұрыс айтылған... Бірақ, шындығын айту керек, қазір отбасындағы құндылықтары қатты өзгеріске түсіп кетті. Осы олқылықтарды толтыру мақсаттарында жер-жерде отбасын қолдау орталықтары құрылып жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз -көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, бұрынғы сотталғандарға, пробация қызметтерінің есебінде тұрған тұлғаларға және өмірлік қиын жағдайға тап болған басқа да адамдарға кешенді консультациялық қызметтер көрсету және отбасы институтын нығайту бағыттарында түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, оларды өткізу. Біздің орталық 2023 жылдың 13 наурызынан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ресми тілмен айтсам, отбасын қолдау орталығы ұйымдастырушылық, психологиялық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға. Сонымен қатар, біз өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдау көрсетеміз.

– Ардақ Жұмаділқызы, орталықта қазір неше адам жұмыс істейді? Ұйымның қызметі туралы толық айтып берсеңіз?

– Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығы өз қызметін өткен жылы бастады деп айттып кеттім. Орталықта әзірге психолог, кеңесші және басқа қызметкерлерді қосқанда 6 адам жұмыс істейді. Менің басшылығымдағы ұйым қызметінің мәні отбасыларға кешенді консультациялық қызметтер көрсету, отбасы институтын нығайту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу. Орталық қызметінің мақсаты – жан-жақты қолдау көрсету және отбасы институтын нығайту. Жалпы айтсам, отбасы дегеніміз адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпақ болашағына, тағдырына деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыра алмаймыз.  Сондықтан да шығар қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп жатады. Жастарды, балаларды ғасырдан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де дәл осы отбасы. Біз ашылғанан бастап қала аумағында 20-дан аса әр түрлі іс-шара ұйымдастырып үлгердік. Мысалы, ойын-сауық орталығында «Балаға мейірім сыйла» іс-шарасы өтті, оған 6 отбасы, оның ішінде 20 бала қатысты. Алғыс айту күніне орай ішкі саясат бөлімі гүл дүкенімен бірлесе отырып, 30 жалғыз басты қарт адамды құттықтадық. Осы сияқты біраз шаралар ұйымдастырып жүрміз.

– Орталық қызметіне жүгінетін адамдар көп пе? Оларға қандай көмек бересіздер? Көпшілігінде қандай жағдайлар болады? Отбасылық қиын жағдайға қалып қойған адамдардың жалпы саны бар ма?

– Орталық құрылған күннен бастап 2024 жылдың  қыркүйек айына дейін жалпы 398  қызмет көрсетті. Қиын жағдайда қалған отбасы мүшелеріне материалдық, психологиялық кеңес бердік. Біздің негізгі мақсатымыз – отбасын институтын нығайту болғандықтан, осы бағытта жан-жақты қолдау жасауға тырысамыз. Біз бір жарым жылдан аса уақыт ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 78-ке жуық балаға демеушілердің, қайырымды жанжардың есебінен киім-кешек тараттық. Сонымен қатар, «Art Sport» бағдарламасы арқылы спорт секцияларында  9 баланың тегін жаттығуына мүмкіндік аштық. Бұдан бөлек оншақты балаға жөргек, арба және тағы 2 балаға есту аппараттарын алуға, 6 мүгедек адамға азық-түлік, психологиялық, медициналық кеңестер алуға қолғабыс жасадық. Мұндай қайырымдылық әрі қолдау шаралары мұнымен тоқтап қалып жатқан жоқ. Біз қазір  мұқтаж отбасыларға кәсіпкердің көмегімен 20 себет азық-түлік және киім-кешек таратып жатырмыз. Бүгінде өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау аса маңызды болып отыр. Қиын жағдайдағы адамдарға уақытында және дер кезінде психологиялық, шағын материалдық көмек оның өмірін жақсы жаққа өзгертуге жол аша алады. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы № 256-НҚ бұйрығымен «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидалары» бекітілген болатын. Аталған құжатқа сәйкес Отбасын қолдау орталығы өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру бойынша 18 мекеменің жетекшілерінің қатысуымен мобильді топ құрылып, WhatsApp жүйесінде осы топ тіркелді. Сонымен қатар орталық медициналық ұйымдармен, ішкі істер органдарымен және басқа да мемлекеттік органдармен отбасыларға көмек көрсету, тығыз жұмыс жасау және жан-жақты көмек көрсету үшін меморандум шарттар жасастық. Бұл біздің орталық жұмысының тиімді әрі жүйелі болуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп білеміз. Жуырда ғана еліміз бойынша Отбасы күні тойланды, осы  атаулы күнге орай өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар үшін «Мейрімділік жүректен» атты қайрымдылық акциясы ұйымдастырылып, азық-түлік себептер таратылды. Қосшы қаласы әкімдігінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша сараптама алаңы және қаламыздағы № 3 жалпы орта мектебімен бірлесе «Кітап даналығы отбасын біріктіреді» атты тақырыпта отбасылық кеш өтті. Бұл шаралардың қай-қайсы болмасын ошақ басындағы береке-бірлікті нығайту, әке-ана-балалар арасындағы асыл жіпті үзбеу, психологиясы сау ұрпақ сабақтастығын жалғастыру мақсаттарын көздейді.

–Сіздердің көмек сұрайтын мүгедектігі бар немесе мүгедек балалары бар отбасылар бар ма? Бар болса, оларға қандай арнайы көмек ұсынылады.

– Біз құрылған кезден бастап біздің орталыққа мүмкіндігі шектеулі адамдары бар 6 отбасы көмек сұрап  жүгінді. Ондағы 4 отбасының балалары бар. Қосшы қаласының тұрғындарына тиісті деңгейде медициалық, психологиялық көмек көрсетіліп, азық- түлікпен қамтамасыз еттік. Мүмкіндігі шектеулі азаматтары бар тұрғындарың үйін жинап беру, дәрігерлерге қарауына жәрдемдесу сияқты жұмыстар жиі жасалады.

– Қоғамда отбасы құндылықтарын қалыптастыру бағыттарында қандай жұмыстар атқарылады?

Қоғамда отбасы құндылықтарын қалыптастыру бағыттары бойынша, жастар ресурстары орталығы, ішкі саясат бөлімі, қалалық кітапханамен, азаматтарын хал актілерін тіркеу бөлімдерімен бірлесе отырып, отбасы құндылықтарын қалыптастыру мақсатында әр түрлі тренингтер, ойындар, отырыстар, сенбіліктер ұйымдастырылады.

– Қазір отбасы құндылықтарының бұзылуына не себеп деп ойлайсыз? Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдары қандай? Жеке пікіріңізді айта аласыз ба?

– Ең алдымен отбасы, тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзу деген ұғымға тоқталып өтейін. Отбасындағы құқық бұзудың себептері әр түрлі, оның көпшілігі материалдық мұқтаждық және спирттік ішімдікті шектен тыс пайдалану, әйел мен ер адам арасындағы өзара байланыстардың бұзылуы және басқа да сыртқы әрекеттерге байланысты болады. Негізінде, отбасы байланыстыратын негізгі ұғымның бірі – сыйластық.  Жанұяда әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарау қазіргі кезде аса қажетті әрекеттердің бірі дер едім. Өзара сыйлықтастық қалыптасқан отбасында өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Сосын отбасындағы сенімнің жоқтығы да жағдайды қиындатады. Сенім болған жерде отбасындағы әр адам өзін бақытты әрі оны ешқашан жолда тасмайтынына сенеді. Өмірде бәрі болуы мүмкін. Сондай кезеңдерде отбасындағы сенімнің, қолдаудың маңызы зор. Қазір біз қандаймыз -  шыдамсызбыз. Аз уақытқа ақшамыз жетпей, жағдайымыз нашарлап кетсе, бір-бірімізді кінәлап шыға келеміз. Жалпы психологтар отбасындағы сенім байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі дейді. Мен бұл пікірге қосыламын.

– Отбасындағы құндылықтарды жаңғырту, нығайту үшін қандай жұмыстарды қолға алу керек? Қай бағытта ақсап жатырмыз деп ойлайсыз?

– Президенттің бастамасымен отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында тиісті заңға өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Әйеліне қол көтеріп, баласына зорлық көрсететін адамдарды жазалау тәртібін қатайттық. Бұл белгілі бір деңгейде тұрмыстық кикілжіңдерді шешер. Бірақ, отбасы институты айналасындағы сан қырлы әлеуметтік, тұрмыстық, экономикалық, эмоциялық, психологиялық мәселелерді қарастырмайды. Бұл – бір.

Екіншіден, «Жаңа Қазақстан» үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан, алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт. Яғни, ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі - отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары болатыны сөзсіз. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады. «Ұлттық тәрбиені» отбасы ошақ қасынан бастауымыз қажет деп есептеймін. Қай қоғамда өмір сүрмейік, ұрпақ – ол біздің болашағымыз, жарқын күндеріміз.Сондықтан, болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге сеніммен басуға болады деп нық айта аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#отбасы #Қосшы