$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.05.2020, 14:29
Қоғам

Айлығы көптердің салығы өседі – Тоқаев

Тоқаев жалақыдан алынатын жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мәселесін қарастыру керек деп есептейді

Айлығы көптердің салығы өседі – Тоқаев
Фото: sputniknews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада шешілуі тиіс ең өзекті деген мәселелердің қатарына жалақыдан алынатын жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізуді қосты.

«Прогрессивті шкаланың мағынасы сол, жалақысы аз адамдар салықты аз төлейді де, жоғары айлық алатындарға салықтың мөлшері көбейеді. Біздің мақсатымыз – аз айлық алатындар сегментін «көлеңкеден» шығару. Егер олардың салығын қысқартсақ, қолма-қол төлеу де азаяр еді», - деді Президент Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында.

Тоқаев көпшіліктің табысы азайып кеткендіктен, жекелеген азаматтардың қарызын көбейтіп жібермес үшін тұтынушылық кредит нарығын жіті бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті.

«Қаржы нарығын реттеу агенттігі проблемалық қарызы барлардың қарыздарын оңалту мүмкіндігін қарауы тиіс. Сонымен бірге өнімнің түріне, қарыз алушының типіне қарай сыйыақы мөлшерінің есебін де басқаша есептеу мәселесін қарасын. Азаматтардың мүддесі үшін банктік емес ұйымдарды бақылауды күшейтіп, келесі жылдан шағын несие берушілердің қызметін лицензиялаймыз», - деді Тоқаев жиналыста.

Президенттің сөйлеген сөзінің толық мәтіні akorda.kz сайтында жарияланды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары