Ақтөбеде жол апатына себепкер болған жасөспірімнің анасына қатысты сот шешімі шықты
Әйелге айыппұл салынды

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін жергілікті азаматшаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта анықталғандай, азаматша А.-ның 14 жастағы баласы көлік құралын басқару құқығына ие болмағанына қарамастан, «VentoCorsa BY49QT-2A» маркалы мопедті басқарып, жол жүру ережелерін бұзған. Осыған байланысты, жасөспірім автокөлікпен соқтығысып, жол-көлік оқиғасына себепкер болды.
Аталған жағдай бойынша жүргізілген тексеру қорытындысы, кәмелетке толмағанның түсініктемесі және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада азаматша А.-ның кінәсі дәлелденген. Сот отырысында А. өз кінәсін мойындап, болашақта мұндай жағдайға жол бермейтінін айтып өтті.
«Соттың қаулысымен азаматша А.-ға 51 688 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.