Қазақстанда математика пәнінің мұғаліміне деген сұраныс күрт көбейген
Қазір ел бойынша осы мамандыққа қатысты 3,3 мың бос орын тұр
Тамыз айында Электрондық еңбек биржасында білім беру саласының мамандарына деген сұраныс артқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Тамыз айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 131,8 мың бос жұмыс орны және 129 мың түйіндеме шыққан. Бір айдың ішінде бос орындар саны 26% - ға (27,4 мың) артып, ал түйіндеме саны 3 пайызға (3,5 мың) азайған.
Мамандардың түсіндіруінше, сұраныстың айтарлықтай өсуі білім беру саласындағы жоғары білікті кадрларға түскен.
«Мұны жаңа оқу маусымының басталуымен байланыстыруға болады. Жалпы және орта білім беру ұйымдарынан 15 мыңнан астам бос жұмыс орны шыққан. Математика мұғалімдері (3,3 мың бос жұмыс орны), тәрбиешілер (3 мың), бастауыш сынып мұғалімдері (2,3 мың), орыс тілі мен әдебиеті (2,2 мың бос жұмыс орны) сұранысқа ие мамандықтардың қатарына еніп отыр», делінген хабарламада.
Шілде айымен салыстырғанда жалпы өңірлердегі бос жұмыс орындарының саны барлық жерде өскен, тек бос орындар саны Солтүстік Қазақстан облысында ғана қысқарған.
Мамандардың айтуынша, сұраныстың негізгі өсуі білім беру саласында, әсіресе жаңа оқу маусымының басталуымен байланысты мегаполистерде жоғары білікті кадрларға қатысты болды. Сонымен бірге жұмыс іздеушілердің белсенділігі де жоғары болды, бұл бос орындар мен түйіндемелерді біркелкі бөлуге ықпал етті.