Қарапайым ауыз су үшін де жарық қуаты керек – Халықтық штаб мүшесі
Балжан Шаменова АЭС салуға қатысты пікірін айтты

АЭС қолдау жөніндегі аймақтық Халықтық штаб өкілдері Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығында әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесу кезінде айтылғандай, электр қуатын шамадан тыс пайдалану салдарынан бүгінде халық көп шоғырланған аймақтарда электр қуатының тапшылығы сезіліп жатыр. Яғни, жаһандық даму кезеңінде озық технологияларды, шетелдік тәжірибелерді елге әкелу өзекті бола түспек дейді кездесуге қатысқандар.
«Бүгінде аймағымыз қарыштап дамып жатыр. Өңірге салынған инвестиция есебінен әлеуметтік орталықтар, «Жайлы мектептер» салынды. Қалада көпбейінді ауруханының құрылысы басталды. Ал осы нысанның барлығына электр қуаты керек. Қарапайым ауыз су мен аяқ суды берудің өзіне жарық қуаты керек. Байқап қарасақ, ұялы телефонымызды да, үйде тұру үшін де, өміріміздің барлық тұсында электр қуаты керек. Қазірде елімізде электр қуаты тапшылығына байланысты біз Қырғызстаннан электр қуатын сатып алып отырмыз. АЭС құрылысы елдің энергетикалық қуатын арттырудың алғы шарты болмақ»,- дейді аймақтық Халықтық штаб мүшесі Балжан Шаменова.
Ал, Көкшетау қаласында АЭС құрылысын қолдау жөніндегі облыстық халықтық штабтың үгіт-насихат жұмыстары аясында қала мектептерінің ұстаздарымен және денсаулық саласының қызметкерлерімен кездесу өткен. Кездесуде облыстық халықтық штабтың мүшесі Серік Кәкенов АЭС құрылысының маңызы мен қажеттілігін түсіндіріп, АЭС құрылысы елдің экономикасы мен энергетикалық қуатын арттыратынын тілге тиек етті.
«АЭС – бұл болашақта елді энергетикалық тәуелділіктен алып шығатын зор мүмкіндік. Жасыл энергия көзіне жататын атом электростансасын салу арқылы ғалымдар бірнеше мәселені шешуге болатындығын айтып отыр»,- деді жиында сөз алған штаб мүшесі Умар Шоназаров.
Сарапшы мамандар станса салу арқылы экология мәселесін тиімді шешуге болатынын айтады.
«Мұндай орталықтар көмірқышқыл газы, метан және басқа да парник газдарын шығармайды. Осыны ескерген дамыған мемлекеттер ауаны қалай тазартудың жолын атом орталықтары арқылы іздеуге көшкен. Атом электр стансасы – басқа стансаларға қарағанда экологиялық жағынан таза. Өздеріңіз білесіздер, АҚШ, Еуропадағы біраз мемлекет, соның ішінде Франция 80%-ға дейін электр қуатын АЭС арқылы өндіреді. Ол жерде радиацияның таралуы, басқа келеңсіз жағдайлар болып жатқан жоқ», – дейді облыстық халықтық штаб мүшесі Бауыржан Ыбыраев.
Ақмола облыстық халықтық штаб мүшелерімен кездесуде дәрігерлер мен медицина қызметкерлері белсенділік танытып, штаб мүшелеріне АЭС-ның қоршаған ортаға тигізер зияны мен пайдасы, радиоактивті қалдықтар және нысанның салынатын орны, тариф жайлы сұрақтарын қойды. Кездесу барысында АЭС құрылысына қатысты түрлі пікір айтылды.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Ақмола облысының түкпір-түкпірін аралап, болашаққа маңызды қадам жасаудың маңыздылығын түсіндіріп жатыр.