Қызылорда облысында жұмыс орындарынан қысқартылған қызметкерлер Арал қаласының әкім аппаратын сотқа берді
Сондай-ақ оларға жұмыссыз бос жүрген уақыттары үшін жалақы төленді

Арал аудандық соты жұмысынан заңсыз босатылған азаматтар Ш. мен Т.-ның еңбек құқықтарын қорғау бойынша шешім шығарды. Олар «Арал қаласы әкімінің аппараты» КММ-де әдіскер қызметін атқарып жүрген кезде, 2024 жылғы 4 сәуірдегі өкімдерге сәйкес, штат санының қысқаруына байланысты қызметтерінен босатылған, деп хабарлайды
Бұл жағдаймен келіспеген талап қоюшылар сотқа жүгініп, жұмыстан босату туралы өкімдерді заңсыз деп тануды, оларды қайта жұмысқа орналастыруды және жұмыссыз бос жүрген уақыттарына тиесілі жалақыларын өндіруді талап етті.
Сот ісі барысында жұмыс берушінің еңбек шартын бұзуға негіздеме жеткіліксіз болғаны және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көрсетілген талаптардың бұзылғаны анықталды.
«Нәтижесінде, сот Ш. мен Т.-ны бұрынғы қызметтеріне қайта орналастыру туралы шешім қабылдап, жұмыссыз бос жүрген уақыттары үшін Ш.-ның пайдасына 999 041 теңге, Т.-ның пайдасына 996 704 теңге жалақы өндіруді бұйырды. Сонымен қатар, жұмыс берушіге заң бұзушылықтарға қатысты жеке ұйғарымдар шығарылды. Аталған шешім соттың азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудағы маңызды қадамы болды», - делінген хабарламада.