Алматыда бюджет қаражатын ұрлаған гимназия бухгалтері 7 жылға бас бостандығынан айырылды
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық соты ҚК-нің сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша гимназияның бас есепшісі Н.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2019-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы гимназиялардың бірінің бас есепшісі оқу орнының банктік шоттарына қол жеткізе отырып, «Интернет-банкинг» жүйесі арқылы өзінің жеке шотына және басқа тұлғаның шоттарына ақша қаражатын заңсыз аударып отырған. Тергеу нәтижесінде келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 23 миллион теңгені құраған.
Сот отырысында сотталушы Н. өз кінәсін толық мойындады және оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Алайда, прокурор 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын талап етті.
«Сот Н.-ны кінәлі деп танып, оның кінәсін мойындауы, куәгерлердің айғақтары мен маманның қорытындысы негізінде 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазаны тағайындау барысында сот жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды назарға алды. Н.-ның қылмысына өкінуі, материалдық залалды жартылай өтеуі, сондай-ақ кәмелетке толмаған баласының болуы ескерілді. Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.