Ақтауда «WhatsApp» желісінде жалған жарнама таратып, алаяқтықпен ақша тапқандар сотталды

Azattyq Rýhy

Сотталушылардың заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде 294 жәбірленушіге 2,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген

Ақтауда «WhatsApp» желісінде жалған жарнама таратып, алаяқтықпен ақша тапқандар сотталды
Фото: istockphoto.com

Ақтау қаласының соты екі азаматшаны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырды. А. және Б.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтті, олар алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша айыпталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық сотқа сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтері бойынша, А. 2021-2023 жылдары «WhatsApp» желісінде 25 топ ашып, олардың әкімшілері ретінде өз таныстарын тағайындап, топтарға ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаларды төмен бағамен сататындығы туралы жалған жарнамалар таратқан. Жәбірленушілерден алынған қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Сонымен қатар, А. заңсыз жолмен иемденген ақшаларды заңдастыру мақсатында, жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге сатып алу-сату келісімдерін жасаған.

Б. А.-ның ашқан төрт топтың әкімшісі болып, алаяқтық іс-әрекеттерге көмек көрсетіп, жәбірленушілерден алынған ақшаның бір бөлігін өзіне қалдырып, қалған бөлігін А.-ға аударып отырған.

«Сотталушылардың заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде 294 жәбірленушіге 2,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген. Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті, ал жәбірленушілер келтірілген материалдық шығынды өтеуді сұрады. Сотталушылар кінәларын ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді. Сот үкіміне сәйкес, А. 9 жыл 8 айға, ал Б. 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің талап арыздары толық қанағаттандырылды», - делінген хабарламада.

Бұл үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.