Алматыда FaceID жүйесі арқылы секциялар мен үйірмелерге бақылау күшейтіледі

Azattyq Rýhy

Жүйе әрбір баланың сабаққа қатысуын тіркейді

Алматыда FaceID жүйесі арқылы секциялар мен үйірмелерге бақылау күшейтіледі
Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімі Ерболат Досаев жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл шығармашылық және спорттық мемлекеттік тапсырысты іске асыруға шамамен 16,5 млрд теңге бөлінді. Үйірмелер мен секцияларға 72 633 бала қатысып, қызметті 1038 жеткізуші көрсетеді.

Қызмет көрсету сапасын тексеру мақсатында арнайы мониторинг тобы құрылып, құрамына қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, аудан әкімдіктерінің өкілдері және белсенді азаматтар кірді. Мониторинг барысында қала аудандарында жұмыс істейтін 52 жеткізуші тексерілді.

Соның нәтижесінде мекенжайлардың нақты болмауы, балалар санының сәйкес келмеуі, қосымша төлемдер алу, антисанитария және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау сияқты кемшіліктер анықталды.

Міндетіне салғырт қараған жеткізушілердің ісі құқық қорғау органдарына және прокуратураға жіберілді.

Мониторинг нәтижесінде қайталанатын бұзушылықтарды болдырмау үшін бірқатар шешім қабылданды. Қатысуды бақылауды күшейту үшін FaceID жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе баланың әрбір сабаққа қатысуын тіркеп, тек нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жүргізуге мүмкіндік береді. DamuBala қосымшасында күн, уақыт және геолокация тіркеледі. Жүйені енгізу және оның жұмыс істеу шығыны жылдың соңына дейін қалалық бюджет есебінен өтеледі. Жеткізушілер аудан әкімдіктерімен қосымша келісімдерге қол қояды.

Сонымен қатар, бағдарламаны одан әрі жетілдіру және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру үшін жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың біліктілігіне, ғимараттардың өлшемдері мен жабдықталуына, қауіпсіздік техникасына қойылатын талаптар әзірленіп, жеткізушілермен жасалатын келісімдерге енгізіледі. Сондай-ақ, қаланың 8 ауданында білім беру қажеттілігіне талдау жүргізіліп, сол негізде қызмет түрлеріне сұраныс қалыптастырылады.

Бұрын көрсетілген қызметтерге төлем жасау мәселесі көтерілген болатын. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орындалған жұмыстар актісі тексерілгеннен кейін барлық жауапты жеткізушіге жақын арада тиісті төлем жүргізіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.