Мейрамханаларда қызмет көрсету үшін алынатын 10 пайыздық төлем жойылуы мүмкін

Аягөз Құрмаш

Осыған қатысты өзгеріс қаралып жатыр

Мейрамханаларда қызмет көрсету үшін алынатын 10 пайыздық төлем жойылуы мүмкін
Фото: видеодан скриншот

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сенат кулуарында мейрамханалардағы қызмет көрсету үшін алынатын 10 пайыздық төлемді жою мәселесі қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мейрамханаларда қызмет көрсету үшін алынатын 10 пайыздық төлем мәселесін қарастырдық. Ол бойынша заңнаманы зерттедік. Егер мейрамханаларда қызмет көрсету үшін 10 пайыз алынатын хабарландыруды көріп, ол жерге тамақтануға кірсеңіз, сіз ол талаппен келісесіз деген сөз. Біз қазір ішкі саудаға қатысты өзгертулерді дайындап жатырмыз. Егер сізге қызмет көрсетілсе, оның ішінде сол үшін төлем енген болса, қосымша төлем алынбауы керек. Қазір осы өзгертулерді талқылап жатырмыз. Әрине, бұл түзетулерді бизнестің бәрі қолдамайды. Дегенмен, біз депозит, төлем мен даяшыға берілетін «ықылас» мәселелерін талқылап жатырмыз», - дейді Арман Шаққалиев.

Министрдің айтуынша, тұрғындарға алдын ала қосымша төлем барын ескертуі керек.

«Қызметтің құны қызмет көрсетуге кіріп тұрса, үстінен ешқандай төлем берудің қажеті жоқ. Қызмет көрсету ұнаса, клиент өз еркімен қосымша ақша бере алады. Демек, мейрамханаларда алатын 10 пайызды жою мәселесі қарастырылып жатыр», - дейді Шаққалиев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.