Елордалық полицей 7 адамды өрттен құтқарып, ерлігін жасырып келген
Ерланның әріптестері бұл туралы әлеуметтік желіден естіп, оны марапаттады
Отан Қорғаушылар мерекесіне орай ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік міндетін атқару барысында ерекше ерлік көрсеткен құқық қорғау қызметкерлерін марапаттады. Олардың қатарында жеті бірдей адамды өрттен аман алып қалған елордалық полицей Ерлан Жаңабаев та бар.
Azattyq Ruhy тілшісі мерекеге орай бейбіт күннің батырымен тілдесіп, Ерланның марапат алуына себепші болған оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
Ерланның ішкі істер органында қызмет етіп келе жатқанына 17 жыл болды. 1 ақпан күні өзіне қарасты әкімшілік аумаққа жоспарлы тексеріс жүргізген ол Орынбор көшесі бойында орналасқан жатақханалардың бірінен көк түтінді байқайды. Дереу өрт сөндірушілерге хабарлама беріп, құтқарушылар тобын күтпестен жанып жатқан тұрғын үйге тап берген.
«Өрт сөндірушілердің келгенін күтіп тұратындай уақыт болмады. Жатақхананың ішіне кірген бетте ондағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру туралы ойладым. Себебі олардың арасында қарттар мен кішкентай балалар бар еді. Мен өртенген бөлменің ішінен кәмелеттік жасқа толмаған бір ұл, бір қызды шығардым. Шынын айтсам, мұны үлкен бір ерлік деп санамаймын. Менің орнымда болған кез-келген қызметкердің осылай жасайтынына сенімдімін. Біз жұмыс барысында мұндай оқиғалардың неше түрімен кездесіп жатамыз. Бастысы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білу», - деді ол.
Ерлан тұрғындарды құтқарған соң өз оқиғасы туралы ешкімге тіс жармаған. Әріптестері полиция капитанының ерлігін әлеуметтік желілерден кездейсоқ біліп қалған.
«Ерлан өмірде өте қарапайым, тәрбиелі жігіт. Оның қарапайымдылығы сонша, сол күні жеті бірдей адамды өрттен құтқарып келіп, әріптестеріне оны айтпаған. Біз Ерланның батыл әрекетін әлеуметтік желідегі тұрғындардың жазбасынан білдік», - дейді елордалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы.
Ерлан Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Полиция қызметкері болу бала күннен бергі арманы екен.
«Мектепте оқушы кезде полиция қызметкері болуды армандайтын едім. Мектеп бітірген соң Түркістан облысындағы Әлеуметтік қатынастар академиясын тәмамдап, ішкі істер органына жұмысқа тұрдым. Осы салада жүргеніме 17 жылдан асты. Жұмыс барысымен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударғанмын. Келіншегім екеуміз үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Жұмысымыз күн демей, түн демей сыртта жүруді талап етеді. Көп маңызды мерекелерде үйде болмай қалып жататын сәттер жиі болады. Соған қарамастан, отбасым менің қызметіме түсіністік танытып, құрметпен қарайды», - деді ол.
Полиция мамандығы жанкештілікті талап етеді деген Ерлан Жаңабаев Отан қорғаушылар мерекесімен барша әріптестерін құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Отан қорғаушылар күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Ел үшін еңбек етіп жатқан әріптестеріме де төзімділік, еңбектеріне зор табыс тілеймін! Елге сіңірер еңбегіміз көп болсын!», - деді ол.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан