$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.08.2024, 04:00
Қоғам

Павлодар облысында 126 заңсыз қоқыс полигоны анықталды

Биыл абаттандыру заңнамасын бұзған 4 мыңнан астам адамға әкімшілік хаттама толтырылды

Павлодар облысында 126 заңсыз қоқыс полигоны анықталды
Фото: astanatv.kz

Павлодар облысында заңсыз қоқыс полигоны көбейген. Өңірде күл-қоқыс тасталған 126 орын анықталды. Құзырлы органдар тұрмыстық қалдықтарды тазалау жұмыстарын жүргізбек. Бей- берекет тасталған қоқыстың көбі аймақтағы 3 қаланың аумағында шоғырланған. Ал тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген жерге қалдықтарды шығарушылармен күресті күшейтпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

 Биыл абаттандыру заңнамасын бұзған 4 мыңнан астам адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның басым көпшілігіне қомақты көлемде айыппұл салынған. Павлодарда заңды деп белгіленген 5 ғана қоқыс полигоны бар. Ал 321 қоқыс алаңы экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейді. Десе де, бұған әкімдіктер арнайы жер телімдерін бөлген. Сондықтан, шенділер бұны заңсыз деп айтуға келмейді -деп отыр. Осы мәселені шешу мақсатында өңірде биыл 4 бірдей ауданда арнайы қоқыс полигонын ашу үшін құжаттар әзірленіп жатыр.

«Қоқыс тастайтын полигондардың көбі ақылы. Сондықтан тұрғындар өз қалтасынан қаражат шығарғылары келмейді. Ақшаны үнемдеу мақсатында рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастайды. Экологиялық кеңесте депутаттардың және жауапты мамандардың қатысуымен бұл мәселе талқыланды. Онда бірнеше ұсыныстарда айтылды. Біз ең алдымен рұқсат етілмеген жерлерде не үшін қоқыс пайда болатынын нақтылау керекпіз. Кейін сол арқылы тиісті шаралар қолданатын боламыз», - деді облыстық ПД табиғатты қорғау инспекторы Дәурен Қабышев.

Серіктес жаңалықтары