Балалар үйінен шыққан ақмолалық полицей Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)
Жас жігіттің пәтер кезегінде тұрғанына 13 жылдан асқан
Балалар үйінде өскен полиция қызметкері Геннадий Вездецкий президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтан пәтер алуға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицейдің бейнеүндеуі әлеуметтік желіде жарияланды.
Алты жасында жетім қалған Геннадий Вездецкий Ақкөлдегі балалар үйінде тәрбиеленген. Он жылдан астам уақыт пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Жергілікті шенеуніктерден әділдік таппаған ол президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған.
«Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ата-анам жол апатынан қаза тапқан соң, мен інілеріммен бірге балалар үйінде өстім. Әлі күнге дейін пәтер кезегінде тұрмын. Қазір Макинск қаласы Бұланды ауданының кіші жедел уәкілі болып жұмыс істеймін. Пәтер кезегін күтіп әбден шаршадым. Әкімдікке де бардым, олар «күтіңдер, күтіңдер» деп шығарып салады. Осымен он үш жыл кезекте тұрмын, әлі ешкімнен көмек жоқ. Менің мәселемнің шешілуіне жәрдемдесуді өтінемін. Інімді де баспана кезегінен шығарып тастаған, себебін сұрасақ, ештеңе айпайды», - дейді Геннадий Вездецкий.
Жас полицей Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтан да қол ұшын созуды сұрады.