«Бәріміз кінәліміз»: Бейсембаев мектепте болатын жағдайларға тек мұғалімдерді жазалау дұрыс емес дейді
Ол үш жақты тәрбие жайлы айтты
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде және одан тыс болатын оқиғаларға тек мұғалімді кіналау дұрыс емес екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мектепте емес, мектептен тыс болған жағдайда әкімшіліктің директор мен мұғалімге қолданған шарасын қайтадан қайтару туралы былтыр талап еткенмін. Сол бойынша директор да мұғалім де орнына қайта оралған еді. Қазіргі Қызылордадағы жағдай бойынша да анық-қанығына жетпей жатып, мектеп басшысы мен мұғалімге қатыс іс-шара қабылдау дұрыс деп есептемеймін. Біз бәрібір де ұстаз сыйлаған қоғамбыз. Сондықтан ұстаздарға құрметпен қарауымыз керек. Егер де нақты жазалары дәлелденген жағдайда заң алдында жауап береді. Заңның алдында барлығымыз бірдейміз»,- дейді министр.
Оның айтуынша, үш жақты жауапкершілікті күшейткен дұрыс.
«Ол: ата-ана, қоғам, мектеп. Бала тәрбиесіндегі үлкен жауапкершілікті мойнымызға алуымыз керек. Тек ата-ананы жазғыра беру де дұрыс емес, мұғалімдерді де кінәлай беру дұрыс деп есептемеймін. Қоғамды да. Жалпы кімнің кінәлі екенін емес, жас ұрпақтың тәрбиелі болуы, ізімізді қалай жалғастыратыны мазалауы керек. Осы бағытта күш біріктіретін болсақ, онар журналистерді біріктіретін болсақ, қоғамды екі айырмайды. Бір журналистер ата-ананы, біреуі мұғалімді кінәлі деп…Ересектердің бәрі кінәлі. Жас ұрпақ алдында жауапты болуымыз керек. Бұл бойынша бағдарлама, пән де енгізілгені жақсы»,- дейді ол.
Министр осыған дейін бала құқығы, буллингке қатысты жаңашылдықтар жүйеге енгенін айтты.